Халық тарих толқынында

Елбасының ізімен!

Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған 30 жылда Қазақстан биік шыңдардан көрініп, толағай табыстарға жетті. Осыған алғыс ретінде дүйсенбі күні Тұңғыш Президент кітапханасы тақырыптық апталыққа бастау берді. Оның аясында 7 күн бойы еліміздің барлық ауыл-қалаларында Ұлт Көшбасшысына арналған түрлі шаралар мен акциялар өткізіледі.

“Мақтанышым Елбасы”. Қайрат Нұртастың орындауындағы танымал әнге жастар белсенді қозғалуда. Даладағы жауын мен жазғы салқынға қарамастан олар Тұңғыш Президент саябағында бас қосты. Бұл белсенділерді қала бойынша ерекше экскурсия күтіп тұр.

Богдан Петров – “Қоғамдық келісім” КММ жетекшісінің орынбасары:

– 8 нысанды аралаймыз. Әрқайсысы Тұңғыш Президент аяқ басқан және онымен тікелей байланысты жерлер. Экскурсияны Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жыл ел басқарғанына арнап ұйымдастырып отырмыз. Бұл – біздің оған деген құрметіміз бен алғысымыз.

Жоспардағы 8 нысанның алғашқысы – бәрімізге таныс өңірлік тарихи-өлкетану музейі. Мұнда Елбасының ғибратты ғұмырына кең зал арналған. Мәселен, мына суретте Нұрсұлтан Назарбаев әлі студент, ал бұл кадрда – жас метталлург. Мұнда тарихи сәт – Тұңғыш Президентімізді алғашқы рет ұлықтау салтанаты бейнеленген. Пешенесіне елді 30 жыл басқару жазылған тау тұлға тізесін бүгіп, туымызды сүйіп тұр.

Әлфараби Мыңбай – СҚО жастар ресурстық орталығының маманы:

– Қарапайым металлургтан Президентке дейін өсу – бұл өте үлкен еңбек пен талапты қажет етеді. Сондықтан, Елбасының өмір жолы әрбір жас адам үшін үлгі.

Экскурсия мүшелерін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы осылайша қарсы алды. Шашу, ыстық бауырсақтар мен үлкендердің әңгімесі. Олар жастарға Елбасының ұлтаралық татулықты нығайту жолында тындырған қыруар шаруасын айтуда. Маңызды институт – Ассамблея да Н.Назарбаевтың төл перзенті емес пе?!

Елбасымен тікелей байланысты нысандардың қатарында облыстық “Қызылжар” орталық мешіті де бар. Оның бой көтеруіне кезінде Тұңғыш Президенттің өзі септескен еді. Экскурсия Ұлттық банктің өңірлік филиалына да бас сұқты, Елбасының Петропавлға жеке өзі келіп, ашқан Қарасай мен Ағынтай батырлар ескерткіші мен Абылай ханның ақ үйіне де барды жастар.

 

Саят Ермек