Бизнес және экономика

«Business Lady Qazaqstan» жобасы

Сұлу, іскер, тапқыр қыз-келіншектер. «Business Lady Qazaqstan» жобасы теріскейге қайта оралды. Тамыздың 2-сі Петропавл қаласында республикалық байқаудың жергілікті кезеңі ұйымдастырылмақ. Әзірге, сайысқа қатысуға өтініштерді қабылдау бастау алды.

Бизнес-леди Қазақстан. Өткен жылы ғана бастау алған республикалық байқау бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Оған қатысамын деген үміткерлердің саны аз емес көрінеді. Конкурсқа өтініш қабылдау теріскейліктер үшін бүгін бастау алды.

Инна Попуянның 20 жылдық бизнесі бар. Ол – беларусьтік киім-кешектерді сататын 4 бірдей дүкеннің иесі. Кәсібінің дамуына көп көңіл бөлетін қала тұрғыны байқау жеке ісін өркендетуге сеп болады деген ойда.

Инна Попуян – кәсіпкер:

– Конкурсқа биыл бірінші рет қатыспақ ниеттемін. Ең бірінші кезекте байқау маған түрлі саладағы бизнес-ханымдармен тәжірибе алмасу үшін қажет. Былтыр сайыста бақтарын сынаған қыз-келіншектермен сөйлестім. Олар өздерінің әсерлерімен бөлісті. Көп қажетті мағлұмат жинап, бүгінде кәсіптерін жақсы дамытуда. Сондықтан, мен де сайыста жеңуге үміттімін.

Былтыр кәсіпкерлікті қолға алған нәзікжандылардың сайысында 15 теріскейлік бақтарын сынады. Биыл да қатысушылардың саны шектеулі болмақ. Сондықтан, үміткерлердің өтінішін қабылдау тек шілденің 10-ына дейін жалғаспақ. Кейін байқаудың ең қызықты бөлігі бастау алады. Конкурстың өзіне дейін нәзікжандылар үшін күн сайын түрлі тренинг пен курстар ұйымдастырылмақ. Ол үшін еліміздің белді де беделді спикерлері мен бизнесмендері шақырылмақ.

Сәуле Қайсар – «Business Lady Qazaqstan» республикалық байқауының ұйымдастырушысы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Қатысушының жасы мен кәсіп саласына еш шектеу жоқ. 15 қыз-келіншек таңдап алынады. Конкурс 3 кезеңнен тұрады. Алғашқысы – таныстыру. Яғни, олар өздері және жеке істері жайлы айтып берулері қажет. Екіншісі эрудицияны сынауға арналған. Мұнда еліміздің белгілі тұлғалары әр түрлі сұрақтар қояды. Үшіншісі – шығармашылық. Байқаудың жергілікті кезеңін біз Ақмола, Батыс Қазақстан және Жамбыл облысында өткіздік. Жеңімпаздардың есімі белгілі. Енді солтүстікқазақстандық бизнес-ледилерді шараға белсене атсалысуға шақырамыз.

«Business Lady Qazaqstan» республикалық байқауының жергілікті кезеңі Петропавл қаласында тамыздың 2-сіне жоспарланған. Асығы алшысынан түсіп, жолы болған нәзікжанды өңір намысын қараша айында қорғайтын болады.

Эльмира Садвокасова