Білім

Жергілікті НЗМ-ді 87 түлек тәмамдады

Биыл химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін 87 түлек тәмамдап отыр. Олардың 8-і “Алтын белгі” иегері атанса, 11-і  қолдарына үздік аттестат алды.

Түлектер үшін маңызды сәт. Үлкен өмірге қанат қаққан ұл-қыздар үшін бұл күн толқуға да, қуанышқа да толы.
Салтанатты кеш «Алтын белгі» иегерлерінің шеруімен басталды. 8 үздіктің біреуі – Анель Қоспанова. Бойжеткен қазіргі таңда Назарбаев университетінен жауап күтуде. Ол саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығын таңдаған.

Анель Қоспанова, Химия-биология бағытындағы НЗМ түлегі:

– Менің ең асқақ арманым – ол еліміздің дамуына үлес қосып белгілі бір министрлікті басқару. Сол жерде әр түрлі заманауи реформаларды іске асырғым келеді. Назарбаев Зияткерлік мектебі – мен үшін әлемдегі ең ыстық алтын ұя мектебім. Мен біліп алып қана қоймай өзімді жан-жақты дамытқан орта деп білемін. Әрдайым осы мектепте түлеп ұшқанымды мақтан тұтамын.

Жалпы, жергілікті Назарбаев Зияткерлік мектебін бүгінде 87 оқушы тәмамдап отыр. Олардың әрқайсысының алға қойған мақсаттары айқын.

Мақсат Акимжанов, Химия-биология бағытындағы НЗМ түлегі:

– Мен Нью-Йорктегі университетке түсіп отырмын. Ол – биомедициналық инженерия және молекулярлық биология бағытындағы алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының бірі. Ағылшын тілінінен IELTS сынағын тапсырып, нәтижесінде 7 ұпай алдым. Сонымен қатар, билогия, химия, математика пәндерінен тағы бір маңызды тест тапсырып, 800 ден 770 балл жинадым.

4 жыл. Осы аралықта оқушылар бір-біріне бауыр басып қалғаны анық. Бір үйдің баласындай болған түлектерді мектеп ұжымы да қимайды. Олар да қобалжып, толқып отыр. Себебі, алдарындағы ұл-қыздар – 12-сыныпты аяқтап жатқан алғашқы түлектер.

Нұрғали Елшібеков, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Біздің мектебімізде қуанышты күн. 12 жылдықты толық бітірген бірінші түлектеріміз. Қазірде 18 оқушы шетелге құжаттарын тапсырып, грантқа ие болып жатыр. 18 бала Назарбаев университетінде оқиды деп үміттенеміз.

Бұл – мектептің құрмет кітабы. Оған жыл сайын үздік түлектердің есімдері жазылатын болады. Сонымен қоса, «Ең үздік түлек-2019» номинациясы да ойластырылған. Бұл атақты биыл Айдын Тайшыбай иеленді.

Айдын Тайшыбай, Химия-биология бағытындағы НЗМ түлегі:

 – Қазір Кореядағы жоғары оқу орнынан жауап күтіп отырмын. Өмірімді биомедициналық инженериямен байланыстырып отырмын. Білім алып, елге оралғаннан кейін осы саланы алға жылжытуға өз үлесімді қосқым келеді.

Қолдарына аттестаттарын алған түлектердің қуаныштарында шек жоқ. Олар ойлаған оқуларына түсіп, білікті маман атанатындарына сенімді.

 

Актолкын Солтанханкызы