Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс басшысы қайта тағайындалды

Жаңа президент сайланғаннан кейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 өңірдің әкімдері міндетті атқарушы ретінде танылды. Тек елорданың жетекшісі ғана ауысты. Бақыт Сұлтановтың орнына Батыс Қазақстан облысының бұрынғы басшысы Алтай Көлгінов тағайындалды. Қалған әкімдер әзірге өз орындарында қалуда.

Бұл – облыстық мәслихаттың кезектен тыс 33 сессиясы. Отырысқа барлық депутаттар жиылған. Күн тәртібіндегі сұрақ мәлім. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімі лауазымына кімді ұсынар екен?

Олжас Ідірісов, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы:

– ҚР Конституциясының 87-бабы 4-тармағына сәйкес, СҚО әкімі лауазымына Ақсақалов Құмар Іргебайұлының кандидатурасын шығарамын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдауларыңызды сұраймын.

Ел президентінің шешімін облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Құмар Ақсақалов аққайыңдар өлкесіне 2 жылдан астам уақыт жетекшілік етіп келеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымды білдіремін. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Екі жылдай бірге жұмыс істеп қалдық.

Жұмысты осындай қарқынмен жалғастыру қажет дейді Құмар Ақсақалов. Ол өзін аймақтың әлеуетін дамытуға басты назар аударатын өңір жетекшісі ретінде таныта білді. Ең бірінші кезекте облыс әкімі ауыл шаруашылығын әртараптарындыруға екпін береді. Соңғы 2 жылдың ішінде СҚ-да майлы дақылдарға бөлінетін аумақ ұлғайды. Енді аграрийлер соя өсіру ісін де мықтап қолға алуда. Сондай-ақ, аймақ басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өңдеуге де басымдық береді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ғ.Мүсірепов ауданында ашылған «ҚазМилде» жылына 300 мың тонна дайын өнім шығарылатын болады. Қазір «Биохимде» жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл кәсіпорынның қуаттылығы да 300 мың тоннаны құрайды. Осылайша, біз бидай өңдеу ісін 40 пайызға дейін жеткіземіз. Сондай-ақ, біз 550 мың тонна сүт шығарсақ, соның 44 проценті өзімізде өңделеді.

Жылына кем дегенде өңірде 3 сүт-тауарлы ферма салынуы тиіс. Бұған мүмкіндік бар. Айта кету қажет, өңір жетекшісі бүгінде қалталы азаматтарды тарту ісін де мықтап қолға алған. Алысқа бармай, болашақ көпбейінді аурухананы алайық. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, көбі мұндай ауқымды жобаны іске асырамыз дегенде күмән келтіріпті. Алайда, жуырда ғана облыс басшылығы түрік компаниясымен келісім шартқа отырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Біздің мақсатымыз – ауруханада жұмыс істейтін дәрігерлерді Түркия еліне оқытуға жіберу. Келесі жылы бұл мақсатқа бюджеттен қаржы қарастыратын боламыз. Кемінде 200 ақ халатты бірайлық біліктілікті арттыру курстарына барулары тиіс.

Ал тайыншалық емдеу мекемесінің базасында ауданаралық аурухана жұмыс істемек. Ол 4 бірдей ауданға қарайтын болады. Осылайша елді мекендіктерге облыс орталығына келудің қажеті туындамайды.

 

Эльмира Садвокасова