Туризм

Айыртау ауданында туристік маусым ашылды

Ауасы таза, суы мөлдір, табиғаты көркем. Жыл сайын Айыртау ауданындағы Шалқар-Имантау курорттық аймағына ел тұрғындарынан бөлек, Ресей, Украина мен Германия мемлекеттерінің азаматтары келеді. Демалыс орны өткен жылы Қазақстанның үздік туржобаларының бірі деп танылды. Енді оның дамуы тікелей Үкіметтің бақылауында болмақ. Бұл туралы туристік маусымның салтанатты ашылуында айтылды.

Ақ жаулықты әжелер, асыр салып ойнап жүрген балалар, мың бұрала билеген бұрымдылар мен ыстық бауырсақ және қымыз. Бұл – нағыз қазақ ауылының көрінісі. Сырымбет мекені биыл кез келген туристі дәл осылайша қарсы алмақ. 2 тілде жүргізілген экскурсия, 19-ғасырда орын алған жайттардың сыры жатқан 8 мыңға жуық жәдігер мен тарихи нысандар. Бұл – атақты ғалым, этнограф Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным ханшаның қонысы.

Нұргүл Құлбаева – “Ш. Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің” директоры, Айыртау ауданы:

– Оның ішінде ең құнды жәдігер – Ш.Уәлихановтың інісінің пілдің сүйегінен жасалған сандық бар. Оны бізге Шота Уәлиханов сыйлады.

Жазық дала мен тынысыңды ашатын таза ауа, бір сөзбен айтқанда көз тартар сұлу табиғат. Белгілі этнографтың суреттеріне арқау болған бұл көріністі тамашалауға жыл сайын Айғаным қонысына 4 мыңдай турист келеді екен. Қазақстандықтардан бөлек, қызығушылық Ресей мен Германия азаматтары тарапынан да бар.

Нұргүл Құлбаева – Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің директоры, Айыртау ауданы:

– Бұл өте тарихи мекен. Мұнда Шоқан Уәлихановтың табанының ізі қалған дейміз. 1999 жылы ашылу рәсімі болды.

Сәтін салып, жолы Айыртау өңіріне түскен туристтің Қарасай мен Ағынтай мемориалдық кешеніне соқпай кету де мүмкін емес. Қос батырдың есімдері, ерліктері мен 48 жылдық достығы бүгінде аңызға айналды. Сарбаздар иық тірестіріп бірге жоңғарларға қарсы 200-ге жуық ұрысқа қатысып, туған жерімізді жау қолынан сақтауға үлес қосты. Жорықтас жолдастар Құлшынбай төбесінде жерленген. 1999 жылы дәл осы жерде қайсар жауынгерлерге арналып мемориалдық кешен тұрғызылды.

Нұргүл Болатова – турист:

– Мен Қазақстанның оңтүстігін аралап шықтым. Көптеген киелі мекендерге бардым. Тарихты мектепте оқып, онымен кітап беттерінен танысқан бір бөлек, дәл сол тарих орын алған жерге барып, оны өз көзіңмен көрген бір бөлек. Айыртау ауданына бірінші рет келіп тұрмын.

Бұл Айыртау ауданының демалушыларды таң қалдыратын киелі әрі ерекше жерлерінің тек бір бөлігі ғана. Соңғы жылдары мұнда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Оған Шалқар-Имантау аймағының былтыр еліміздегі үздік 10 жобаның қатарына енгені айқын дәлел. 12 айда курорттық орын 45 мың адамды қабылдайды. Алайда, оның әлеуеті әлдеқайда жоғары. Сондықтан, демалушылардың санын арттыру қажет. Бұл туралы туристік маусымның салтанатты ашылуында айтылды.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

 – Біздің Шалқар-Имантау аймағы Алакөл, Бурабай сынды курорттық зоналармен тең түсті. Осылайша, туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Яғни, демалыс орны тікелей Үкіметтің бақылауында болып, оның дамуына қомақты қаржы бағытталмақ. Жалпы, соңғы 3 жылдың ішінде біз инфрақұрылымға көп көңіл бөлдік. Жолдарды қалыпқа келтіріп, туристердің мұнда жету уақытын 30 пайызға дейін қысқарттық. Жыл сайын бұл мақсатқа 3 млрд теңгедей қаржы жұмсалды.

Жол мәселесі биыл түбегейлі түрде шешімін таппақ. Жөндеу жұмыстарына ағымдағы жылы бюджеттен тағы 2 млрд теңге қарастырылған.

Аманбек Махметов – Айыртау аудандық туризм бөлімінің басшысы:

– 2019 жылы 5 курорттық зонаны ашу жоспарда бар. Оған қоса, қазір “Шалқар су” шипажайында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күзде аяқталады деп жоспарлануда. Санаторий 12 ай бойы жұмыс істемек.

Бүгінгі таңда курорттық аймақтарда бір мезетте 3 мың адам тыныға алады. Алға қойылған жоспарлар іске асып жатса, тағы қосымша 500 туристі қабылдауға мүмкіндік пайда болмақ. Ал әзірге мұндағы демалыс орындарының саны 38 ғана. Соның бірі -«Ақбар» кешені. Жұмысын 2003 жылы бастаған курорттық аймақ биыл өңірдегі үздік жоба аталымын жеңіп алды. Оның директоры Қазбек Хасеинов бұл салада сонау 90-шы жылдардан бері жүр. Сондықтан, демалушыларға қандай жағдай жасау қажеттігін азамат жақсы біледі.

Қазбек Хасеинов – «Ақбар» туристік кешінінің директоры, Айыртау ауданы:

– Екі жүз адамды қабылдай аламыз. 12 коттедж бар. Әрбір номерде ыстық су, тоңазытқыш, сапалы жиһаз бар. Беларуссиядан әкелдім. Мейрамханамыз бар. Ең қымбат бөлме – 12 мың. Ең арзаны – 1,5мың теңге.

Шалқар көлінің жағасындағы шара концертке ұласты. Жергілікті тұрғындар мен шаһардан келген туристерге солтүстікқазақстандық өнер иелері ән шашу арнады.

– Біз осы жерден 20 шақырым жерде орналасқан Саумалкөлденбіз. Жиі келуге тырысамыз достарымызбен, отбасымызбен. Осындай табиғаты бай жерде тұратынымызды мақтан етеміз.

– Мен Петропавлдан келдім. Шалқар көлінің жағасында болғаныма өте қуаныштымын. Міндетті түрде достарымызбен қайта оралмақпыз.

Ауқымды концерттік бағдарлама Fire-show-мен аяқталды.

 

Эльмира Садвокасова