Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жеке меншік мектептерді мемлекет есебінен қаржыландырған қаншалықты тиімді

Жеке меншік мектептерді мемлекет есебінен қаржыландырған қаншалықты тиімді? Бұл мәселе бүгін қалалық қоғамдық кеңесінің жиынында талқыға түсті. Бұл шаһар мектептеріндегі жүктемені азайта түседі десті қоғам белсенділері. Алайда, ол үшін мемлекеттік емес білім ошақтарының санын көбейту қажет. Отырыста, сондай-ақ, “жемқорлық” терминін мұғалімдер мен дәрігерлерге қатысты қолданбау керектігі айтылды.

2020 жылдан бастап мемлекеттік мектептерді қаржыландыру тәсілі өзгереді. Енді білім ошағына ақша әр бала үшін төленетін болады. Әзірге, бұл – пилоттық жоба, бірақ ол өзінің тиімділігін дәлелдей білді. Ал жеке меншік мектептерге мұндай практика биыл енгізіледі. Алайда, мемлекеттен ақша ала ма, алмай ма – бұл мұндай білім ошақтарының өз еркі. Петропавлда жеке меншік бір мектеп бар. Ол мемлекеттік қаржыландырудан бас тартпаған.

Айнагүл Сұрағанова – қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Жеке меншіктегі Сергий Радонежский атындағы праволав гимназиясына мемлекет биыл 31 млн теңгеден астам қаржы бөлмек. Осылайша, 13 сынып, яғни 140-қа жуық оқушы қамтылады. Бір балаға айына 19 мың теңгеден беріледі. Қаржы мұғалімдердің жалақысына, коммуналдық қызметтерге және өзге де шығындарды өтеуге жұмсалады. Ал ата-аналар болса балаларын оқыту үшін мұнда ақша төлемейтін болады.

Қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің сөзінше, қазір шаһардағы бірқатар орта білім ошақтары үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Ал жеке меншіктегі мектептерге мемлекет қаржысын құю, жүктемені аз да болса жеңілдетуі тиіс. Бұдан өзге, білім сапасын да арттырмай қоймайды. Білім тақырыбын жалғастырар болсақ. Неге мұғалім мен дәрігерге сыйланған гүл шоғы пара деп бағаланады, ал театр не филармония әртістеріне гүл сыйлау – қалыпты құбылыс. Бұл сұрақты қоғамдық кеңес мүшелері “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалау офисінің жетекшісі Екатерина Старостинаға қойды. Кеңес мүшесі Павел Афанасьевтің сөзінше, “жемқорлық” деген терминді тек мемлекеттік қызметшілерге қатысты қолдану керек.

Павел Афанасьев – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Мұғалімдер мен дәрігерлердің қолдарында билік жоқ қой. Олар тек заңсыз сыйлық алу арқылы ғана заң бұза алады. Бұл үшін заңда бөлек жаза қарастырылған. Сондықтан, мен бюджеттік сала мамандарына қатысты “тұрмыстық жемқорлық”, “тұрмыстық парақорлық” деген терминдерді қолдануға мүлде қарсымын. Бұл заң тұрғысынан дұрыс емес.

Павел Афанасьев – заңгер. Тәжірибелі маман, қоғам белсендісі ретінде ол жемқорлықпен күресуші ведомстволар мен ұйымдардың жұмысын сынға алды. Шаруаны кей жағдайда олар сылбыр атқарады дейді ол. Мәселен, жуырда ведомство өкілдері жергілікті университетте сауалнама жүргізіпті. Оған 4 мың студенттің 41-і ғана қатысқан, сұрақтар да жалпылама, жүйесіз құрастырылыпты. Нәтижесінде, оқу ордасында парақорлық өршіп тұрған болып шыққан.

Павел Афанасьев – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Сауланамада “Сіз жемқорлыққа тап болдыңыз ба?” деген сұрақ бар. Қайда тап болды? Университетте ме, әлде басқа жерде ме? Студент мұны өздігінше түсінуі мүмкін ғой. Міне, жергілікті департамент өкілдері осындай жалпылама сауалдарды қойған. Дәлдік керек.

Айта-айта жауыр болған зираттардың мәселесі де көтерілді жиында. Петропавлда олардың саны 5-еу. 2-уі баяғыда толған. Алайда, христиан зиратындағы бассыздықтар жаға ұстатады.

Александр Казанцев – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Сіз ескі зираттарда мәйіттердің бірінің үстіне бірі жерленіп жатқанын білесіз бе? Бұл сұмдық дүние. Осының алдын алу үшін қандай шара қолданып жатырсыздар?

ТҮКШ бөлімінің басшысы Досұлан Босынов көп кешікпей толық зираттарды консервациялау шаралары басталады деді. Кейін аумақ тәулік бойы күзетілмек. Тағы бір көкейкесті түйткіл – қоқыстың көптігі. Сенбіліктерден пайда шамалы. Қаладағы 5 зираттың тек екеуі ғана сенімді басқаруда. Қалғаны қараусыз тұр. Қалдық үйінділері – әрине, адамдардың ісі, алайда, мұндағы қоқысты жинап, мәйіттер жерленген аумақтарды бір жөнге келтіру керек. Осы орайда қоғамдық кеңес мүшелері зираттарды жинастыруға қала қазынасынан қосымша қаражат бөлуді ұсынды.

Саят Ермек