Аптадағы маңызды жаңалықтар

Теріскейде 500 орынға арналған заманауи аурухана салынады

«YDA HOLDING» деп аталатын түрік компаниясы биыл өңірімізде жаңа медициналық емхананың құрылысын бастайды. Медициналық мекеме 500 орынға арналмақ. Аурухана Түркия елінің соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларымен жабдықталып, онда жаңа технологиялар қолданылатын болады. Осы турасында облыс әкімі Құмар Ақсақалов түрік компанияның басқарма төрағасы Арслан Хусейнмен кездесу өткізді.

Бұл – Елбасының«Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыру мақсатында қолға алынып отырған жобалардың бірі.

Мынау теріскейде жаңадан бой көтеретін көпбейінді аурухананың үлгісі. Заманауи ғимараттың ішінде түрлі мединалық мекемелер біріктіріледі деп жоспарлануда. Жалпы, 500 орынға шақталған көпсалалы аурухана салу – маңызды әлеуметтік жоба. Жаңа бастаманы жүзеге асыру үшін бір жыл бойы инвесторлармен келіссөздер жүргізілген екен. Аталмыш емделу орталығының арқасында облыста медициналық туризм саласы да дамымақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Петропавл қаласының стратегиялық бағыты бар. Біз шекарада орналасқандықтан, жанымызда көрші елдің ірі өңірлері бар. Ол жерлерде шамамен 6 млн адам тұрады. Денсаулығы сыр берген осы тұрғындардың әрбіреуі емдеу шараларын бізде ала алады. Сол себепті, біз осы бағытта жолдарды жөндеп, шекарадан өтетін жердің аумағын үлкейттік. Және Петропавл қаласына жақын орналасқан Көкшетау азаматтары да біздің емдеу орталығына жүгіне алады. Себебі, Нұр-Сұлтан қаласына дейін аралық 3,5 сағат болса, Петропавлға жету үшін небәрі 1,5 сағат кетеді.

«YDA холдинг» түрік компаниясы Қазақстанмен 18 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Компания әлем бойынша жалпы құны 10 млрд доллардан асатын заманауи ауруханалар салған екен. Осы орайда атап өтерлігі, бауырлас түрік ұлтының өкілдері өңірдегі денсаулық саласында бұрын-соңды болмаған заманауи стандарттарды енгізбек. Жалпы, жаңа жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асатындықтан, түрік компаниясы емдеу орталығын салып қана қоймай, медициналық мекемені басқаратын болады. Сонымен қатар, түрік компаниясы тарапынан қазірден бастап дәрігерлерді оқыту қажет екендігі туралы айтылды.

Арслан Хусейн – «YDA HOLDING» компаниясының басқарма төрағасы:

– Заманауи құрылғылардың көбі Түркия елінде жасалған, сонымен қатар Еуропалық қондырғылар да болады. Құрылыс жұмыстары басталған уақыттан бастап сіздердің мамандарыңызды оқытсақ дейміз. Тәжірибе алмасу үшін шетелдік дәрігерлерді де тартамыз. Өйткені, заманауи технологиялармен жабдықталған ауруханада жоғары дәрежелі мамандар болса, емдеу үрдісі де сапалы жүргізіледі.

Атап өтетін жайт, Елбасының тапсырмасы бойынша теріскейдегі жаңадан салынатын көпсалалы аурухана жанынан дәрігерлерге арналған көпқабатты үй де бой көтереді.

Арслан Хусейн – «YDA HOLDING» компаниясының басқарма төрағасы:

– Облыстық аурухана болған соң, келушілер саны өте көп болады. Сондықтан, аурухана жанынан отбасы үлгісіндегі 50 орынға арналған қонақ үй салсақ және міндетті түрде балабақша болуы тиіс. Себебі, бұл осында келген ата-аналар ештеңеге алаңдамай, олардың толық тексерілуден өтулеріне жағдай жасамақ.

Жалпы, Облыстық көпбейінді аурухананың құрылысы халыққа бір жерде сапалы медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік бермек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз үшін ең маңыздысы, облыс тұрғындары өңірден тыс жерге кетпей-ақ, Петропавл қаласында сапалы қызмет түрін ала алады. Үздік дәрігерлер соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларда жұмыс істейтін болады.

2-3 жылдың ішінде салынатын заманауи ғимаратта өңірімізде бұрын-соңды болмаған пневмопошта жүйесі орнатылады деп жоспарлануда. Бұл жүйе дәрігерлердің уақытын үнемдеуге септеседі. Ол дегеніміз, зертханадағы барлық талдаулар әр кабинетке автоматты түрде жеткізіледі. Айта кетейік, жаңадан салынатын медициналық орталықта емделушілерге екі орынды және VIP бөлмелер қарастырылған.