Қоғам

Іскер азамат караоке-такси қызметін қолға алды

Сыртынан қарасаң – қарапайым көлік, ішіне кірсең – караоке. Айыртау ауданының тұрғыны Данияр Сатыбалдин темір тұлпарын осылай  ерекше қылып жабдықтап алған. Енді оның көлігіне мінген жолаушы, телефон немесе терезеге қараудан іші пыспай, жол бойы ән шырқай алады.

Караоке-такси дегенді естігініңіз бар ма?! Естіген күннің өзінде бұндайды өмірде жиі кездестіре бермейсіз. Мына ерекше көліктің иесі – Саумалкөл ауылының тұрғыны Данияр Сатыбалдин. 10 жыл бойы жолаушы тасымалдаумен айналысатын азамат жұмысына бір өзгеріс енгізуді ойлапты. Неге болмасқа?! Өзі де өнерден кенде емес. Сөйтіп, сүйікті ісі мен күнделікті жұмысының үйлесімі көптің көңілінен шыққан сияқты.

Данияр Сатыбалдин – Саумалкөл ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Күйбің тіршіліктен адам кейде жалығады. Бір өзгеріс енгізгенді қалайды. Мен де осылай істеуді жөн көрдім. Адамдардың жұмыстан кейінгі көңіл күйін көтеріп, қуаныш сыйлағым келді. Бұл бастамам баршасына ұнап жатыр. Әрине, алғашында таң қалатын, қазір менімен бірге қуана-қуана ән шырқайды.

Бұл идея Данияр Сатыбалдиннің ойына бір ай бұрын келген. Көліктің ішінде кәдімгідей қажетті аппаратура орнатылған. Микрофон, экран, тіпті сан алуан әндер жазылған кітапша да бар. Көлікке отырған адам айтатын туындыны жүрегінің қалауы бойынша таңдап алады. Ән салғанды жастар да, зейнеткерлер де ұнатады дейді жүргізуші. Қызығы, караоки-таксиде ән шырқау тасымал құнына еш әсер етпейді екен.

Данияр Сатыбалдин – Саумалкөл ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Тұрғындар көбінесе 80-90-шы жылдардағы әндерді шырқайды. Әскери адамдар да менің караоке-таксиімнің қызметін жиі пайдаланады. Олардың арасында “Офицеры” әні сұранысқа ие. Ал жас қыздар Нэнси тобының туындыларын орындауды ұнатады. Басқалары болса “Зеленоглазое такси” әнін таңдайды.

Енді алдағы уақытта көлік иесі шағын автобус сатып алып, оны да осылай жабдықтап алуды жоспарлап отыр.

Дана  Ешкенова