МТРА жаңалықтары

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

Хабарымызды Ақ Ордадан жеткен жаңалықтан бастаймыз. Бүгін, маусымның 12-сі, елордада жаңадан сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.

Ел таңдаған Президент / Қазақстан халқына ант берді. Ол Конституция мен заңдарды қатаң сақтаймын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беремін, өзіме жүктелген міндеттерді абыроймен атқарамын деп уәде етті. Кейін оған Қазақстан Республикасы Президенітінің куәлігі табысталды. Негізі, Қасым-Жомарт Тоқаев / Президент қызметін наурыздан бері атқарып келеді. Жоғарғы мемлекеттік лауазымға ол Сенат Төрағасы ретінде / Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасынан кейін тағайындалған болатын. Ал маусымның 9-ы өткен сайлауда ол қазақстандықтардың 70 пайызының даусын жинап, жеңіске жетті. Мемлекет басшысы 66 жаста. Ол – тәжірибелі саясаткер әрі дипломат. Ұлықтау рәсімінде сөз алған ел тарихындағы екінші Президент / Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын одан әрі жалғастырамын деді. Сондай-ақ, отандастарымызды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешу жолында жұмыс істейтінін алға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің бастты мақсатым. Оларды саяси ұстанымдары мен көзқарастарына қарай бөлуге жол бермемін. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істеймін. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар, тағдырымыз бір. Біз халқымыздың болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз.

Саят Ермек