Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайынша ауданының бұрынғы әкімі қызметтен заңсыз қуылғанын алға тартуда

Бірнеше рет тәртіптік жауапкершілікке тартылған Тайынша ауданының бұрынғы әкімі Владимир Дудов / қызметтен заңсыз қуылғанын алға тартып, сотқа жүгінген. Экс-атқамінер өзін жұмыстан босату жайлы аймақ жетекшісінің қаулысын жоққа шығарып, аудан әкімі лауазымын қайтаруды талап етіп отыр. Ақпандағы алғашқы отырыста қалалық сот  өңір басшысының қаулысын заңды деп тапқан болатын. Ал бүгін облыстық сотта аппеляциялық отырыс өтті.

Саят Ермек – тілші:

– Өзінің қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланған! Алдымен Ғ.Мүсірепов, кейін Тайынша ауданының экс-әкімі Владимир Дудов өткен жылы осы себеппен қызметтен қуылды. Ғ.Мүсірепов ауданын басқара отыра атқамінер әкімдерге арналған қызметтік үйді алдымен – коммуналдық, кейін өз меншігіне аударады. Үйдің құны 20 млн теңге болғанына қарамастан, Дудов оны баспана кезегінде тұрмай-ақ небәрі 1,5 млн-ға сатып алған. Кейін ол Тайынша ауданына ауысып кетеді. Соңғы оқиғадан соң, өңірлік әдеп жөніндегі кеңес Владимир Дудовты қызметінен босату қажет деген ұсыным жасайды. Облыс әкімі бұл шешіммен келісіп, шенеунікті аудан басшысы лауазымынан алып тастайды.

Бірақ, бұл шешіммен келіспеген Дудов мырза 2019 жылдың ақпанында сотқа жүгінген. Қалалық №2 сот облыс әкімінің шешімін заңды деп табады. Экс-шенеунік мұнымен де келіспей, шешімге шағым білдірген. Істі енді облыстық соттың алқасы қарастыруда. Владимир Дудов пен оның қорғаушысы жүздерін көрсетуге тыйым салды. Негізі, бұрынғы атқамінер өз әрекеттерін толықтай заңға сай деп отыр. Тіпті, Құмар Ақасақаловтың талап етуімен баспананы ол әкімдік балансына қайтарған. Сондықтан, экс-шенеунік өзін Тайынша ауданының әкімі лауазымына қайта тағайындауды талап етіп отыр. Алайда, аймақ басшысының өкілі Юрий Наумочкин бірінші инстанциялы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрауда. Өйткені, Құмар Ақсақалов бұл шешімді кеңес ұсынымдарына сүйене қабылдаған. Дудовты қызметтен босатуға, тіпті Президент әкімшілігі де қарсы болмапты.

Юрий Наумочкин – СҚО әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі:

– Әкімдік шешім шығармас бұрын материалдардың барлығын Президент әкімшілігіне жібереді. Яғни, аудан әкімін не себепті, неге сүйеніп қызметтен босатып жатқанымыз жіті сипатталады. Елорда қарсы болмаса, облыс әкімі атқамінерді лауазымынан алып тастау бойынша қаулы шығарады. Дудовты қызметтен босату бойынша шешіммен Президент әкімшілігі толықтай келісті.

Ал қорғаушының сөзінше, баспана үлестіруші комиссия мүшелеріне Дудов қысым көрсетпеген. Алайда, экс-атқамінердің қызметтік баспананы жеке меншігіне аудару құқығы болды ма? Бұл қаншалықты заңды? Ғ.Мүсірепов ауданына шенеунік кадрларды алмастыру бағдарламасы бойынша әкім боп барған. Сондықтан, оның бұл баспананы өз атына аудару құқығы болмаған. Осы және өзге де фактілерді назарға аудара отырып, облыстық сот алқасы кеңесуге кетті. Шешімді көп күтуге тура келмеді, үкім де қысқа болды.

Серікжан Ғабдулин – облыстық соттың судьясы:

– ҚР Азаматтық процестік кодексінің 423-бабы мен 424-ші бабының бірінші тармақшасына сәйкес, сот алқасы Петропавл қалалық №2 сотының 26-ақпандағы үкімін өзгертусіз қалдырып, Владимир Дудовтың шағымын қанағаттандырмау туралы шешімін қабылдады.

Яғни, сот алқасы 1-инстанциялы сот шешімін дәйекті әрі заңды деп тапты. Владимир Дудов өз кезегінде сот үкіміне жарты жылдың ішінде шағымдана алады. Олай болған жағдайда істі Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты қарастырмақ.

Саят Ермек