МТРА жаңалықтары

Ұлттық Банк монеталар қорын толықтырды

Ұлттық Банк монеталар қорын тағы да толықтырды. Жаңа шақалар Еуразиялық экономикалық одақтың 5 жылдығына арналған. Қауымдастық өз жұмысын 2015 жылы бастады. Ұйымға алғашында Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдері мүшелік еткен.

Қазір қатарына тағы Армения мен Қырғызстан қосылды. Шақаның 3 түрі шығарылыпты. Екеуі – алтыннан, біреуі күмістен құйылған. Соңғысының салмағы 31,1 граммды құрайды. 925-ші сынамалы күмістен жасалған монетаның бағасы – 10 мың теңге. Ал 31,1 грамм алтыннан құйылған шақа 513 мыңға саудаланбақ. Мұндай бағалы дүниенің еліміз бойынша саны 500-ді құрайды. Тағы да Қазақстан Теңге сарайы мерейтойлық 20 монетаны 1 келі алтыннан құйыпты. Бір-біреуінің құны 16 млн 429 мың теңге тұрады.

Мейрам Мамбетов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ бөлім басшысы:

– Шақаның бір жағында Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік ететін мемлекеттердің тулары бейнеленген. Ал екінші бетінде біздің Елтаңбамыз бен Қазақстан Республикасы деген жазу бар. Сондай-ақ, мұнда бағалы металдың сынамасы мен салмағы туралы ақпарат орналастырылған. Монеталарды Ұлттық Банктің кез келген филиалынан сатып алуға болады.

Эльмира Сәдуақасова