МТРА жаңалықтары

Девальвация болмайды

Елімізде девальвация болмайды. Ал жаңа валюта туралы хабар – ол қауесет. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің жергілікті филиалының директоры мәлім етті. Диас Мэлс тұрғындарды алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Елімізде алдағы уақытта девальвация болады деп күтілуде. Дәл осындай ақпарат өткен аптада әлеуметтік желілерде тараған болатын. Хабардың қазақстандықтарды дүрліктірмей қоймағаны түсінікті. Тіпті, ел тұрғындарының бір бөлігі айырбастау орындарына барып, қолда бар теңгелеріне АҚШ долларын сатып алыпты.

Айырбастау нүктелеріндегі доллар біткен соң, сұраныс еуро мен ресейлік рубльге де артқан. Осылайша, тұрғындар бір мезетте шетелдік валюталарды көптеп сатып алуға кірісіпті. Қазір жағдай тұрақталды. Айырбастау орындары бүгінде толықтай қажетті ақшамен қамтылған.
Бұл әлеуметтік желілерде тараған жалғыз қауесет емес. Тағы жұртшылық арасында жаңа «Алтын» валютасы қолданысқа енеді деген де сыбыс жүрген көрінеді. Бұл – шындыққа жанаспайды деді Ұлттық банктің жергілікті филиалының директоры Диас Мэлс.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

– “Алтын” валютасы туралы әңгіме – бар болғаны сыбыс. Бұл туралы тіпті сөз де қозғалған жоқ. Банктегі айырбастау орындарында қажетті валюталардың барлығы болды.

Халық арасында белең алған қаржы нарығына қатысты алып-қашпа әңгімелерге теңге бағамының сәл әлсіздеуі түрткі болған көрінеді.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

– Біздің валютаның өзгеруі мұнайдың бағасына тікелей байланысты. Өткенде қара алтын қымбаттаса, бүгінде құны төмендеді.

Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі Ресей саналады. Сол себепті, теңге бағамына қатысты өзгерістер солтүстік көршіміздегі қаржылық ахуалға да байланысты екен.

Эльмира Сәдуақасова