Қоғам

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы

Бұдан былай іс-сапарға шығатын мемлекеттік қызметшіге жаднама қағаз таныстырылып, қолы қойғызылмақ. Онда адам барған жерінде қандай ережелерді ұстану қажеттігі көрсетілген. Бұл жайлы әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды.

Әдеп жөніндегі кеңес профилактикалық сұрақтан басталды. Ортада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев баяндама оқып жатыр. Ол жақында ғана қабылданған мемлекеттік қызметшілердің декларациясына тоқталды. Бұл құжатта әрбір маман әділ, адал, сатылмайтын болу қажет екендігі көрсетілген. Тағы, жиында іс-сапарлық жаднама туралы да айтылды. Онда қандай да бір қалаға, ауданға немесе ауылға тексеріспен барған тұлға өзіне бөлінген ақшаны жаратуы, өзгенің ұсыныстарын қабыл алмау керектігі жазылған.

Жанат Жұмабаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

–  Мемлекеттік қызметші ауданған тексеріспен келгенде өзіне бөлінген ақшаны керегіне жаратпайды. Оның тамағына, қонақ үйіне сол жердегі жандар төлейді. Мұны агенттік сыбайлас жемқорлық деп таныды. Енді, департамент іс-сапарда жүрген тұлғаларды қатаң бақыламақ. Қандай бір заңбұзушылық анықталса, ережені ескермегендер жауапқа тартылады. Осындай оқиғалардың алу үшін жаднама қағаз дайындалды. Ол тексеріспен бара жатқан адамға таныстырылады.

Бүгінгі әдеп жөніндегі кеңес фейсбук желісі арқылы тікелей көрсетіліп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко өңір тұрғындарына құлаққағыс жасады.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Бізге кейбір мемлекеттік органдар тексерікпен адам келсе дастархан жаю үшін ақша жинайды деген хабар түсіп жатыр. Мұндай жағдайды анықтайтын болсақ, сол мекеме басшылығы және іс-сапармен барған жандар қатаң жазаланады.

Бұдан соң, тағы бір профилактикалық сұрақ төңірегінде әңгіме өрбіді. Өткен жылы Ақжар ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен ұйымдастыру-бақылау жөнiндегi құрылымдық бөлiмше басшылары Мағжан Жүсіпбеков пен Асан Маймақов біліктілікті арттыру курстарынан өтпепті.

Талғат Хасеинов – Ақжар ауданы әкімі аппаратының басшысы:

–  Қызметкерлер орындарын алмастыратын мамандар болмағандықтан, біліктілікті арттыру курстарынан өте алмады. Қазіргі таңда бос ваканттық орындар жоқ. Сол себепті, Мағжан Жүсіпбеков маусымның 17-сі мен 21-і, ал Асан Маймақов шілденің 1-і мен 3-і аралығында оқытудан өтеді.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Талғат Хасеиновты жерден алып, жерге салған жоқ. Жай ғана келесі мамандарды уақытында біліктілікті арттыру курстарына жіберу қажеттігін айтты. Енді, тәртіптік іске кезек келді. Ол денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ақбілек Хабаеваға қатысты. Өткен жылдың күзінде мемлекеттік органға өңір тұрғынынан тегін дәрі-дәрмек алу бойынша өтініш түседі. Азаматша оны мақұлдап, препарат берілетіндігін айтады. Алайда, тиісті дүние сұратушы тарапқа жолданбайды.

Ақбілек Хабаева – СҚО денсаулық сақтау басқармасының бас маманы: 

– Біз сол уақытта өтініш жазған адамға көмектесеміз деп ойладық. Алайда, олай болмады. Тексеріс кезінде сұратылған дәрінің Қазақстан аумағында жоқ екендігі анықталды.

Ақбілек Хабаеваға қатысты кеңес мүшелері бірауыздан азаматшаға ескерту жасау туралы ұсыныс шығарды.

Байболат Бектемірұлы