Құқық қорғау органдары

Балалардың еңбегін заңсыз пайдаланумен күрес

Жаз басталғалы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің заңсыз жұмыс істеу фактілері белең алуда. Маусымның 1-інен бастап ювеналдық полиция инспекторлары мұндай 29 құқықбұзушылықты анықтаған.

Тәртіп сақшылары маусым айының басынан бері сауда орындары мен мейрамхана-дәмханаларды аралап, рейд жүргізіп жүр. Себебі, жазғы демалыс кезінде жұмысқа тұрған мектеп оқушылары мен оларды қызметке қабылдаған жұмыс берушілер осылайша заңды бұзады. Көбіне бұл ағаттықтар білместіктен орын алып жатады. Сондықтан, инспекторлар кәсіпкерлер мен жасөспірімдерге Еңбек кодексінің негіздерін түсіндіруде. Мәселен, 18-ге толмағандардың жұмыс күні 4 сағаттан аспауы керек. Ал түнде тіпті еңбек етпеуі қажет. Сәйкесінше, түнгі клубтар мен өзге де ойын-сауық орындарына қызметке тұра алмайды.

Зарима Жакина – қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы:


– Маусымның 1-12 аралығында жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге ювеналдық полиция бөлімімен облыс аумағындағы балаларды еңбекке пайдалануға қарсы 12 күндік республикалық акция өткізілуде. Акция барысында базар аумақтары, дәмханалар және т.б. сауда нүктелері тексеріледі. Балалардың еңбегін пайдалану фактілері анықталған жағдайда, жұмыс ұсынған азаматтардан, жасөспірімнен және оның ата-анасынан түсініктеме алынып, құзырлы органдарға жолданылады.