МТРА жаңалықтары

Кезектен тыс Президент сайлауының өтуі

Еліміздің жарқын болашағы – қазақстандықтардың қолында. Таң сәріден №593 және 577 сайлау учаскелеріне мемлекет басшысын таңдауға қала тұрғындары көптеп баруда. Соңғысына 1686 шаһарлық қарайды екен. Олардың 40-қа жуығы денсаулықтарына байланысты науқанға келе алмаған. Сондықтан, сайлау комиссиясының мүшелері урна мен бюллетендерді ұстап әрбір мекен жайға барды.

Бірлік, ынтымақтастық, тұрақтылық пен еліміздің гүлденуі үшін. Дәл осындай азаматтық позицияны ұстанатын жандар мемлекет тізгінін ұстай алады деп тапқан үміткерлерге дауыстарын беруде. №577 сайлау учаскесіне бар-жоғы 3 сағаттың ішінде жүздеген петропавлдық келіпті. Амандық Жантеміров саяси науқанға әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарайды екен. Үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген кезде кандидаттардың бағдарламаларымен жіті танысыпты. Сондықтан болар, кабинада көпке бөгелмей, Қазақстанды жаңа жетістіктерге жетелейтін азаматты таңдадым деЙді қария.

Амандық Жантеміров – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:

– Мен қазір есептеп тұрсам, сайлауға биыл 57 жыл қатысып келемін. Бір сайлаудан қалғаным жоқ. Кеңес заманында сайлауға қара халық қатынаспайтын. Коммунистік партия басшыны өзі таңдайтын. Егемендік алғаннан бері ел Президентін өзіміз таңдайтын болдық.

Валерий Изосимов үшін бүгін екі бірдей маңызды оқиға тұспа-тұс келіпті. Азамат 67-ші туған күнін тойлауда. Мерекелік жиыннан бұрын, қала тұрғыны немересі Мишамен учаскеге келіп, ел Президенті болуға лайықты деп санайтын кандидатқа дауысын берген. Мерейтой иесіне сайлау комиссиясының мүшелері кішігірім сый-сияпат әзірлеп қойыпты.

Валерий Изосимов – қала тұрғыны: 

– Бүгін ашық аспан, Қазақстан Республикасының өркендеуі үшін, барлық ұлт өкілдерінің тату-тәтті бір шаңырақ астында өмір сүрулері үшін дауыс бердім. Мен таңдаған кандидат әрбір ел азаматының үмітін ақтайды деген сенімдемін.

Туған күн иелерінен бөлек, учаске ашылғанда ең бірінші келіп, дауысын өзі сенетін кандидатқа берген азаматқа да сыйлық табысталған.

Гүлия Ережепова – №577 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы:

Біздің сайлау учаскесіне 1686 сайлаушы қарайды. Бүгін алғаш рет сайлауға қатысқандарға сыйлық тарту еттік.

Үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды саяси шараға денсаулығына байланысты келе алмағандар да бар. Олар алдын ала учаскеге хабар берген. №577 сайлау комиссиясының мүшелерін 40-қа жуық қала тұрғыны шақыртыпты. Мамандар урнаны алып, әрбір мекен жайға бармақ. Бұл – Казахстанская правда, 70 мекен жайы. Үйде бір емес, бірнеше жасы 90-нан асқан петропавлдық тұрады екен. Солардың бірі – София Ялымова. Айтуынша, маңызды науқанды осыған дейін бірде-бір рет қалт жіберген емес.

София Ялымова – тыл еңбеккері:–  Мен сайлауға қатысып, өз дауысымды бергім келді. Бұл менің азаматтық борышым деп санаймын. Денсаулығыма байланысты қазір үйден шыға алмаймын. Сондықтан, комиссия мүшелері урна мен бюллетенді маған арнайы алып келді.

Бүгін халыққа қызмет көрсету орталығына ағылған қала тұрғындарының да саны аз болмады. Бұл жолы петропавлдықтар мекен жай анықтамасын алуға емес, ел Президентін таңдауға келіп жатыр. Маргарита Югатова – 18 жаста. Биыл ғана мектеп бітірген түлек саяси шараға алғаш рет қатысуда.

Маргарита Югатова – қала тұрғыны:

– Алғаш рет сайлауға қатысып, өзім лайықты деп санайтын кандидатқа дауыс бергенім үшін қуаныштымын. Біз еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс беріп жатырмыз.

№593 сайлау учаскесіне барлығы – 2014 қала тұрғыны қарайды екен. Олардың дені сағат 11-ге дейін дауыстарын беріп, азаматтық парызын орындапты.

Эльмира Сәдуақасова