Құқық қорғау органдары

Теріскейде есірткі жарнамалаған ер адам ұсталды

Өңірдің тәртіп сақшылары есірткі сатылатын сайттарды жарнамалап жүрген ер адамды ұстады. Ол бұрындары сотталған 25 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ол заң бойынша 12 тәулікке қамауға алынды.

Қазіргі кезде есірткі сайттарының интернет-мекенжайлары көрсетілген граффити жазуларын жазып жүргендер полиция қызметкерлеріне көптеп ұсталуда. Олардың бірі “Көкнар” жедел-алдын алу іс-шарасы барысында қолға түсті. Жас жігіт ақ түсті зат салынған ораманы жасырып жатқан жерінде ұсталды.

Ерлан Әділбеков – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

– Ұсталғанның айтуынша, ол Петропавл қаласының аумағында шамамен 50 хабарлама таратқан.ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 434-бабы 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Граффити жазбаларды жазу бойынша 6 факті үшін Е. есімді азамат 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

25 жастағы жас жігіт өзі есірткіге тәуелді болып шықты.

Күдікті:

–  Есірткіні бір жыл көлемінде қолданамын. Осы уақыт ішінде отбасым мен жұмысымнан айырылдым.

Айта кетейік, полиция қызметкерлерінің айтуынша жақын арада заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Енді синтетикалық есірткінің айналымы үшін, сондай-ақ оларды жарнамалайтындар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Дана  Ешкенова