МТРА жаңалықтары

Айыртау ауданындағы оң өзгерістер

Ауасы жұпар, табиғаты көркем Айыртау ауданында оң өзгерістер орын алып жатыр. Бүгінде Айғаным қонысындағы түнеу үйі жөнделуде. Саумалкөлде де “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша бірсыпыра іс тындырылмақ. Ал Шалқар-Имантау курорттық аймағында осы айдың 14-і күні кезекті демалыс маусымы ашылады.

Айғаным қонысы 1824 жылы салынған. Алайда, өткен ғасырдың басында өртке оранады. Сөйтіп, 93-ке дейін бұл маңда тек қыстақтың іргетесі тұрды. Кейін, ғимарат қайтадан бой көтеріп, салтанатты түрде ашылғаны мәлім. Бүгінгі күні түнеу үйі жөнделіп жатыр. Оған мемлекет қазынасынан 15 млн теңге ақша бөлініпті. Іс маусым айында аяқталмақ. Аудан орталығы Саумалкөлде де оң өзгерістер орын алады. Биыл мұнда “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 17 жоба жүзеге аспақ.

Бейбіт Исманов – Айыртау ауданының әкімі:

– Іске 2 млрд 680 млн теңге бөлінді. Бұл ақшаның 163 млн-на мына қос қабатты ғимарат жөнделеді. Онда өнер мектебі болмақ. Нысанда 500-дей бала шеберліктерін шыңдайды. Нәтижесінде аудан орталығындағы ұл-қыздардың 60 пайыздан астамын қосымша біліммен қамтимыз.

Бұдан бөлек, №2 Саумалкөл орта мектебіндегі бассейн, аудандық аурухананың 1-ші қабаты және селоның ішіндегі 20 шақырымдай жол жөнделеді. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов мұндағы жұмыстардың жалғастырылатынын айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл Саумалкөлдегі барлық әлеуметтік-мәдени нысандар жөнделеді. Жол қалыпқа келтіріледі, орталық қазандық пен жылу желілері салынады. Осылайша тұрғындардың тұрмысын жақсартамыз. Іс мұнымен тоқтамайды. Әр жыл сайын бір аудан орталығында осындай шаруа тындырамыз. Биыл Айыртауға басымдық берілді. Себебі, мұнда туризмді дамытудың мүмкіндігі зор.

Айыртаудың ауасы жұпар, табиғаты көркем. Шырайлы мекенге бір келген адам қайтадан оралғысы келіп-ақ тұрады. Қазіргі міндет – осы демалушылардың қатарын арттыру. Яғни, туристерді тарту. Ол үшін не істеу қажет? Бірінші кезекте тозығы жеткен демалыс орындары жаңартылады. Мұндай жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, қазір бір кездері мұнайшылар тұрғызған “Шалқар Су” шипажайы жөнделуде. Іске кәсіпкерлер 1 млрд теңге көлемінде инвестиция құйыпты.

Ақан Жанпейісов – “Сарыарқа” АҚ президенті:

– Биыл қолға алдық. Жұмыстің басталғанына 1-2 апта болды. Қазір бұзу жұмыстары жүріп жатыр. Терезелер салдық. Келесі аптада сантехникалық жұмыстар жүргізіледі. Барлығын жаңартамыз.

Күрделі жөндеу қыркүйек айында аяқталады. Нәтижесінде “Шалқар Су” шипажайы бір мезетте 200 адамды қабылдайтын болады. Мұнда қарапайым меймандармен қатар кәсіподақтар арқылы мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, дәрігерлер мен мұғалімдер келіп тынығады. Олар табиғат аясында демалып қана қоймай, балшық және тоқпен емдеу шараларын қабылдайды. Курорттық аймақта демалыс орындары жөнделіп те, жаңадан салынып та жатыр. Мәселен, “Изумрудное” базасы былтыр құрылыпты. Оны жеке кәсіпкер Александр Воронов 80 млн теңгеге тұрғызған. Бұл жерде 60 адам уақыттарын тиімді өткізеді алады. Үйлердің іші жарық, жылы, жиһаздары жаңа. Керектінің бәрі бар.

Александр Воронов – жеке кәсіпкер:

–  Өзіміздің жеке қазандығымыз бар. Содан әр үйге жылу барады. Нәтижесінде ғимарат іші таза тұрады. Адамдар жақсы демалу керек. Сол үшін еңбек етіп жатырмыз.

Жалпы, бүгінгі күні Имантау-Шалқар курорттық аймағында 38 демалыс орны бар. Олар 3 мың адамды қабылдай алады. Биыл мұнда жаңадан 7 жоба жүзеге асырылып, 5-еуі кеңейтілмек. Оған 1 млрд 600 млн теңге инвестиция тартылыпты. Соның нәтижесінде қосымша 500 мейманға орын пайда болады. Шаруа барысымен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов Айыртау ауданының инфрқұрылымына да тоқталды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы ауданның инфрақұрылымына да біраз назар аударып отырмыз. Былтыр 3 млрд теңге бөлініп, 100 шақырымдай жолды дұрыстадық. Биыл 3 жарым млрд теңге бөлінді. Оған 140 шақырымдай жолда орташа жөндеу жүргізіледі. Ол жұмыс та басталып кетті.

Айта кетейік, былтыр Имантау-Шалқар курорттық аймағында 45 мың турист болыпты. Оның 5 мыңға жуығы Ресейден келген екен. Ал биылғы демалыс маусымы осы айдың 14-і күні салтанатты түрде ашылмақ.

Байболат  Култанов