Қоғам

Петропавлда мемлекеттік рәміздер күніне орай автошеру өтті

Петропавлда мемлекеттік рәміздер күніне арналып автошеру өтті. Шараны жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған. Көк туымызды жоғары көтерген тұрғындар Пестрое көлінен бастап Жабаев, Абай және Жұмабаев көшелерімен жүріп өтті.

Автошеруді «Северный ветер» мотоклубының екі байкері бастады. Олардың соңдарынан 20-ға жуық автокөлік көк туымызды желбіретіп келеді.

Кез келген мемлекеттің елдігін, бостандығын, тәуелсіздігін айқындайтын қасиетті белгілер – мемлекеттік рәміздер. Сол себепті, рухымызды аспандатар көк туымызды жоғары көтерген шерушілердің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялату.

Пестрое көлінен бастау алған автошеру М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың 6-шы корпусына дейін жалғасты.
Андрей Мухортов осындай шараларға жиі қатысады. Қызықты әрі ерекше әсер сыйлайтын автошерулерден сырт қалмау үшін темір тұлпарын алдын ала сайлап қояды екен.

Андрей Мухортов – автошеруге қатысушы:

– Автошеру ойдағыдай өтті. Өз басым бұл шараға мықтап дайындалып келдім. Көлігімді жуып, техникалық жағдайын тексерттім.

Кейін жүргізушілер бір жерге жиылып, көк туымызды желбіретіп, шағын флешмоб ұйымдастырды.

Дана  Ешкенова