Халық тарих толқынында

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындық бастау алды

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындық жер-жерде бастау алды. Мерекені ТМД елдері бірлесіп атап өтпек ниетте. Мейрамға орай ескерткіштер қалпына келтіріліп, бірыңғай мерейтойлық медальдің үлгісі жасалады.

2018 жылы ТМД елдерінің ардагерлері Ресейдің Мәскеу қаласында бас қосты. Пленумға барлығы 100 қария қатысып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындықты талқылапты. Шараға Қазақстаннан / теріскейлік ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов те атсалысқан. Азамат бүгін солтүстікқазақстандық қауымды жинап, алға қойылған жоспарларды жіпке тізіп берді. Олардың бірқатары осы бастан-ақ жүзеге асырылып жатыр.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде ҰОС жауынгерлерінің құрметіне орнатылған ескерткіштерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаруа пленумға жиылған ардагерлердің бірауыздан шығарған шешімі негізінде атқарылуда. Сондай-ақ, ТМД елдерінің ардагерлері үшін Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған төсбелгі бірыңғай үлгіде жасалатын болады.

Қазіргі таңда ҰОС тарихын бұрмалап жатқандар кездесуде. Сондықтан, аға буын өкілдері жастарға майдан даласында болған ұрыстар мен жауынгерлердің көрсеткен ерлігін ешбір өзгеріссіз жеткізуді мақсат тұтуда. Бұл – пленумда қарастырылған келесі мәселе. Фашистік Германиямен соғысып, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлердің саны күн сайын кеміп барады. Бүгінде өңір бойынша 78 ғана көзі тірі майдангер қалған.

Жангелді Тәжин – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

–  Облыстық ардагерлер кеңесінің шешімімен патриоттық клубтар арасында жарыс өткізбекшіміз.

Айта кету қажет, 2020 жыл ТМД елдерінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығы деп белгіленді.

Эльмира Садвокасова