Құқық қорғау органдары

Зейнеткерді тонап кеткен қарақшылар ұсталды

Түн ортасында зейнеткердің үйіне баса-көктеп кірген. Петропавлда 2 ер адам 82 жастағы үй иесі мен оның күтушісін соққыға жығып, 500 мың теңгені ұрлап кеткен. Қарақшылардың екеуі де құрықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Түн жарым. Қала тым-тырыс. Қарақшылардың оянар сәті осы. Бұл жолы ұрылардың нысанасына 82 жастағы зейнеткер мен оның күтуші ілігіпті.

Жәбірленуші:

– Ақша қайда, алтын бар ма ? – деп айғайлады. Сосын байлап тастады.

Ұрылар ұрып-соғып, ақшаны алып кеткеннен кейін зейнеткер мен күтушісі бірден полицияға хабар беріпті. Тәртіп сақшылары іске кірісіп, бір аптадан соң қылмыскерлердің біреуін – Петропавлда, енді бірін елордада құрықтаған. Енді екеуіне де ҚК 192-бабының 2-бөлімі “Қарақшылық” бойынша іс қозғалуда. Оның санкциясы 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Гариф Хамзаев – Петропавл қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Екінші полиция бөліміне қарақшылық фактісі туралы арыз келіп түсті. Бұл факті бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Петропавл қаласының тұрғындары, бұрын сотталған екі азамат ұсталды.Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қылмыскерлердің біреуі – 41-де, екіншісі 49 жаста. Бұрындары істі болған. Біреуі – есірткі саудаласа, екіншісі талай рет тонау мен қарақшылық үшін жауапқа тартылыпты.

Күдікті: 

– Мен ұрған жоқпын, тақтаймен тиіп кетіп отыр сол жаққа барғанда, кереуеттің қасында тақтай жатқа.Былай болады деп ойлаған емеспін, бұл әрекетке баруға қалай келіскенімді білмеймін.

Жыл басынан бері өңірде 5 бірдей қарақшылық фактісі тіркелген. Бүгінде барлық істің беті ашылыпты.

Эльмира Садвокасова