Құқық қорғау органдары

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні

Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні! Осыған орай облыстық полиция департаментінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Онда  жауапты жұмысқа енді кіріскен жас мамандар ант қабылдады, кейбіреуіне шен мен қызметтік куәліктер табысталды. Жиын соңында құқыққорғаушылар салтанатты маршпен жүріп өтті.

Тәртіп сақшылары көк туымыз бен елтаңбаны ұстап көпшіліктің алдына келе жатыр. Оларға қаз-қатар сап түзеген жандар қарап тұр. Бұл сәт кейбіреуінің есінде мәңгі қалмақ. Өйткені, олардың біразы бүгін өмірлерінің жаңа кезіне аяқ басады.

Жанат Сұлтанов – СҚО ПД кадр саясаты басқармасының аға инспекторы:

– Бүгінгі іс-шараға 300-ден аса адам қатысып отыр. Жиналғандардың арасында ардагерлер, жас қызметкерлер бар. Бүгін олардың кейбірі ант қабылдайды, қызметтік куәлік пен алғашқы шендерін алады.

Шараның негізгі бөлімі басталмас бұрын мемлекеттік рәміздер жайлы айтылды. Олардың авторлары, жасалу стилі, маңыздылығы тілге тиек болды. Кейін, кезек ант қабылдау рәсіміне келді. Бүгін 8 адам ҚР Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, адал қызмет етуге серт етті.

Ал 12 жас маманға – шен, 4-еуіне қызметтік куәлік табысталды. Маңызды құжатты көппен бірге Баян Досжанова да алды. Бойжеткен осыдан бірнеше күн бұрын Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясын тәмамдапты. Қазір қалалық полиция басқармасында тергеуші болып еңбек етеді.

Баян Досжанова – Петропавл қалалық полиция басқармасының тергеушісі:

– Бүгінгі күн мен үшін ерекше. Себебі, ҚР рәміздері күнінде өзімнің алғашқы қызметтік куәлігімді алып отырмын. Осы сәттен бастап Президентіме, еліме адал қызмет етемін.

Жиында мемлекеттік рәміздердің бірі – гимн шырқалды.

Шара соңында полиция департаменті мәдени орталыңының вокалдық тобы “Атамекен” әнін шырқап, мерекенің сәнін келтірді. Ал құқыққорғаушылар салтанатты маршпен жүріп өтті.

Байболат Култанов