Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өзбекстанның Хорезм облысы мен СҚО табысты келіссөздер жүргізді

Аймағымыздың шетелдік әріптестерінің қатары тағы бір өңірмен толықты. Болашақта теріскейде – өзбекстандық, ал Өзбекстанда теріскейлік өндіріс ошақтары көптеп салынуы әбден мүмкін. Солтүстік Қазақстан мен Хорезм облыстары инвестиция тарту және кәсіпкерлік саласында қоян-қолтық жұмыс жасамақ ниетте. Демалыс күндері қос тарап өкілдері келіссөздер жүргізіп, бірнеше ынтымақтастық құжаттарына қол қойды.

Саят Ермек – тілші:

– Жаңа стратегиялық әріптес. Өзбекстанның Хорезм облысы мен теріскей арасын 3 мың шақырым бөледі екен. Алайда, қос тарап арасындағы тығыз байланысқа бұл қашықтық кедергі бола алмады. Келіссөздер басталып кетті.

Залда Солтүстік Қазақстан мен Хорезмнің басшылығы және қос өңірдің ірі кәсіпкерлері отыр. Әр тарап өзінің инвестициялық әлеуеті турасында айтып жатыр. Мәселен, бізде ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша шикізат базасы аса ауқымды.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Біз басымдық беретін басты сала бұл – ауыл шаруашылығы. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер, себебі бізден астықты импорттайсыздар. Тағы былтыр майлы дақылдар егілген аумақты 1 млн гектарға жеткізіп, мол өнім алдық. Жылына 555 мың тонна сүт, 56 мың тонна ет өндіреміз.

Алайда, бұл көл-көсір шикізатты өңдейтін кәсіпорындар аз. Сондықтан, осында іс домалатамын дейтін бауырлас елдің қалталы азаматтарын құшақ жая қарсы аламыз дейді аймақ басшылығы. Хорезмдіктер де солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді қабылдауға әзір. Өйткені, мұндағы инвестициялық климат қолайлы.

Кудратбек Игамбергенов – Хорезм облысы хәкімінің 1-ші орынбасары, Өзбекстан Республикасы:

– Қазақстандық компанияларды серіктес болуға шақырамын. Хорезм облысына инвестиция құйған кәсіпкерлер мол табысқа кенеледі. Бұған кепілдік беремін. Өйткені, бізде бизнесті дамытуда және қорғауда көмек көрсетіледі. Жеңілдіктер де баршылық.

Хорезм өңірі жылына 1 млн тонна көкөніс пен жеміс өсіреді екен. Ең танымалдары – қауын-қарбыз, қызанақ-қияр, алма, өрік пен жүзім. Алайда, сол млн тонна өнімнің басым бөлігі сыртқа жіберіледі, тек шамамен 10 проценті ғана өздерінде өңделеді. Сүт бойынша да жағдай осындай. Хорезмдіктер жасырмайды – бұл олар үшін өте төмен көрсеткіш. Сондықтан, меймандар солтүстікқазақстандық инвесторларды жеміс-жидек, көкөніс өңдеуші зауыттарды ашуға шақыруда. Қолдау мықты.

Анвар Давлетов, Хорезм облысы инвестициялар және сыртқы сауда бас басқармасының басшысы, Өзбекстан Республикасы:

– Бізде бірқатар еркін экономикалық аймақтар бар. Осы аймақтарда кәсіп ашқан инвесторлар салық пен кедендік алымдардан толығымен босатылады. Мұндай жеңілдіктердің уақыты құйылған инвестиция көлеміне тікелей байланысты. Бос ғимараттарды да береміз. Яғни, инвестор қондырғыларын әкелсе жеткілікті.

Ал біз инветорларға не ұсынамыз? Теріскейге қаржы құйғандар да біршама жылға салықтардан босатылады, мемлекет субсидия төлейді. Тек өңірге қажетті өндіріс ошақтарын ашса болғаны.

Данияр Шалабаев – “Kazahinvest “ҰК” АҚ СҚО бойынша өңірлік директорының орынбасары:

– Бізге бидайды терең өңдейтін, зығыр майын шығаратын зауыттар керек. Қант өндірісіне де инвестиция құюға болады. Себебі, бізде қант қызылшасын өсіруге қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Тағы бір игерілмеген бизнес түрі – бұл үйрек етін өндіру. Бұл бағыт Солтүстік Қазақстан былай тұрсын, бүкіл ел көлемінде дамытуды қажет етеді.

Енді сөзден іске кірісер шақ. Жоғарыда ауызша айталған ынтымақтастық перспективаларын қос тарап қағазда бекітті.

Хорезм мен Солтүстік Қазақстан басшылығы өзара әріптестік меморандумына отырды. Ымыра құжатына тағы теріскейлік кәсіпкерлер палатасының директоры мен Хорезмнің сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы да қол қойды. Енді, бұл екі өңір ресми түрде әріптес.

Бұл енді – “B2B” форматындағы іскерлік диалог. Яғни, Хорезм өңірі мен теріскейдің бизнесмендері өзара танысып, жақын болашақтағы серіктестіктің қабырғасын қалап жатыр.

Алимбой Мадрахимов, “Янгибозор Томорқа хизмати” агрофирмасының өкілі, Өзбекстан Республикасы:

– Біз Солтүстік Қазақстаннан асыл тұқымды ірі қара мен қой алуды көздеп отырмыз.

Елена Кирьякова, “Сокирко С.Н.” ЖК директорының орынбасары, СҚО:

– Біздің фирма мектеп формаларын тігумен айналысады. Алайда, біз оқушыға қажетті дүниелердің бәрін саудалағымыз келеді. Ата-ана баласын бір дүкенде киіндіре алатындай жағдай жасамақшымыз. Сондықтан, Хорезмнен жейделер, колготкалар, спорттық костюмдер және тағы басқа дайын тауарларды импорттамақ ойымыз бар.

Қысқасы, мал мен өсімдік шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп және тамақ өнеркәсібімен айналсатын кәсіпкерлердің әңгімелері жарасты. Ұзақ келіссөздерден соң, олар белсенді түрде визиткаларымен алмасып жатты. Бұл бауырлас мемлекеттер арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік беретін бастама болмақ.

Саят Ермек