МТРА жаңалықтары

Әкімдік отырысы өтті

Бюджет айтарлықтай үнемделді, оқушылардың сабақты босатуы азайды және қосымша жұмыс орындары пайда болды. Бұл – өңірде үстіміздегі жылдың қаңтар айынан қолға алынған “Уақытша отбасы” қанатқақты жобасының нәтижесі. 5 ай ішінде атқарылған шаруа әкімдіктің кезекті отырысында сөз болды. Сондай-ақ, жиында саяжайшыларды мазалайтын мәселелер де қаралды.

Жаз енді ғана басталса да, саяжайшылардың қызу жұмысқа кіріскендеріне бір айдай уақыт болыпты. Бүгінгі күні қалада 136 серіктестік бар. Олардың құрамына 47 672 саяжай учаскесі кіреді. Әкімдік отырысында дәл осы жазғы үй иелерінің мәселелері қаралуда. Жол, жарықтандыру мен су жүйесі. Жылма-жыл көтерілетін проблемалар осы. Биыл да бұл сұрақтар әлі өзекті. Мәселен, саяжайшылардың 70 пайызы ғана тіршілік көзімен қамтылған. Кестеге сай, аптасына 3-4 мәрте таңғы және кешкі уақытта тұрғындарға су беріледі. Ал электр энергиясына байланысты жағдай мүлдем басқаша.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

–  Қазіргі уақытта 51 саяжай серіктестігінде жарық жоқ. Келесі аптада 1200 учаскені жарықпен қамтимыз. Биылғы жылы “Оңтүстік-Орал Темір жолы” компаниясы өздерінің электр желістерін жөндемек. Сондықтан, 1300 саяжай учаскесін жарыққа қайта қосу қажеттігі туындауы мүмкін. Бұл шаруаны бағбандар үшін қолайсыздық туғызбай жүргізу үшін қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірледік. Жұмыс 60 млн теңгедей қаржыны талап етеді.

Саяжай учаскелеріне апаратын жолдардың 80 пайызы жөндеуді және тегістеуді талап етеді. Араларында өткен жылдары тиісті шаруа атқарылған жерлер де бар. Алайда, жұмысқа жауапсыз қараған мердігерлердің салдарынан олар бүгінде адам көргісіз кейіпке енген. Сондықтан, өңір жетекшісі бұл тұлғаларға берілетін кепілдеме уақытын кемінде 3-4 жылға дейін ұзарту қажеттігін тілге тиек етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Саяжайшыларды мазалайтын тағы бір мәселе – ұрылар мен бұзақылар. Сондықтан, учаскелерді күні-түні бақылауда ұстайтын тәртіп сақшыларының санын 3 есеге дейін арттыру қажет. Тағы бағбандар / қатынайтын автобустардың бағытын өзгертуді сұрап жатыр. Себебі, олардың кейбірі ойластырылмаған. Адамдар қоғамдық көліктерден түсіп, тағы 2 шақырымдай жолды жаяу өтеді екен. Саяжайшылардың дені – егде жастағы адамдар. Бұл қариялар үшін үлкен қиындық туғызуда.

Экологиялық таза, ешбір химиялық қосындысыз әрі бағасы да қолжетімді. Саяжайшылардың өсірген жеміс-жидегі мен көкөністері әрдайым сұранысқа ие. Бұны түсінетін бағбандар да кез келген аумақты сауда орнына айналдырып жібереді. Мұны доғару қажет делінді жиында. Қала базарларынан оларға арналып бөлінетін 300-ден астам нүктені қанағат тұтқан жөн дейді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өз өнімдерін далада кез келген жерде саудаға шығаратындар көбейді. Оларға қадағалау жоқ. Кейін, тұрғындар уланып ауруханаға түсіп жатады. Саяжайшылардың өнімдерін сатуға қарсылық білдірмеймін. Бірақ, бұл шаруаны барынша ұйымдастыру қажет. Ал белгіленбеген орындарда сауда жүргізуге болмайды.

Әкімдік отырысында қарастырылған келесі сауал «Уақытша отбасы» қанатқақты жобасына қатысты. Өңірдегі мектептердің 88,5 пайызы ауылды жерлерде орналасқан. Оның дені – шағын жинақты оқу ошақтары. Ал 229 селода мектеп мүлдем жоқ. Сондықтан, ата-аналар қауымы жеткіншектерді сапалы біліммен қамту мақсатында басқа елді мекендерге, интернатқа апаруға мәжбүр. Қысқы борандарда қатынау қиын екені айтпаса да түсінікті, оған қоса екі ортада жүрген балалар жиі ауырып қалатын көрінеді. Бұл ретте биыл теріскейліктермен «Уақытша отбасы» жобасы қолға алынды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Қанатқақты жобаның мақсаты – басқа ауылдарға барып оқитын балаларды уақытша отбасының қарауына беру. Яғни, жеткіншектер сол жанұяда тұрып, оқиды. Жобаға биыл 3 аудан енгізілді. 61 бала 54 отбасында тәрбиеленді. Нәтижесінде, сабақты босатқандардың саны 35 пайызға төмендеген. Оған қоса, ауылдарда жаңа жұмыс орындары ашылды.

Қазіргі таңда интернаттарда тұратын балалардың саны көп емес. Бірақ, мұнда қаржы молынан құйылады. Сондықтан, қанатқақты жоба бюджеттегі ақшаны айтарлықтай үнемдеуге септеспек. Мәселен, 5 айдың ішінде ғана 2 млн 780 мың теңге көлеміндегі қаражат қазынада қалыпты.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Балаларды өз қарауына алған уақытша отбасыларға ай сайын жалақы төленеді. Оның көлемі – 45 мың теңге. Сондай-ақ, әрбір балаға дәруменді тамақтандыру үшін 7 АЕК көлемінде қаржы қарастырылған. Биылғы жылы тағы 3 ауданды жобаға қоспақ ойымыз бар. Осылайша, барлығы 120 бала уақытша отбасының қарауында болады.

Бұл ретте өңір жетекшісі уақытша жанұяларды таңдау ісіне мұқият қарауды тапсырды. Сондай-ақ, жыл бойына отбасыларға қадағалау жүргізу қажет. Айта кеткен жөн, теріскейде қолға алынған қанатқақты жоба өзге де аймақтарда енгізілмек.

Эльмира Садвокасова