Қоғам

Тіліне ине қадалған жанның ісіне қатысты сот шешімі шықты

Сұмдық оқиғаның нүктесі қойылды. Сиырдың піскен тілін жеймін деп инеге тап болған Ольга Белякованың ісіне қатысты сот үкімі шықты.

Елді елең еткізген оқиға осыдан 4 ай бұрын болған. Ольга Белякова “Океан” сауда үйінен сиырдың піскен тілін сатып алады. Кейін оны жеймін дегенде ішінен шприцтің инесі шығып тіліне қадалады. Артынан жауаптыларды іздеп тауып шағымын жеткізеді. Олар кінәларын мойындамай, тек өнімнің ақшасын қайтарумен ғана құтылмақшы болады. Сосын Ольга Белякова болған жайтты жай қоймай, тиісті органдарға жүгінеді.

Надежда Дубовая – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Ирина Константинова өзіне белгіленген 25 мың теңге айыппұлды төледі. Бірақ, бұл жерде сотқа арызданушының моральдық тұрғыда зиян алғанын ескерген жөн. Осы ретте жауапты тұлғаның Ольга Беляковаға 500 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуін талап етеміз.

Кейін жауапкер жағы талап етіліп жатқан қаражаттың тым көп екенін айтты. Олар Ольга Белякова тауардың тиісті құжаттарын сұрамағанын және өнімді сауда нүктесінің иесі емес, сатушының өткізгенін алға тартты.

–  Ольга Белякова тауарды сатып алар алдында ешқандай сертификат сұрамаған. Оны оқиға кезінде жанында болған құрбысы да мойындады. Және тіліне кірген инеден ешқандай ауру жұқтырмады. Осыны ескере отырып, морлаьдық өтемақы ретінде талап етілген соманы азайтуды сұраймын.

Судья екі тараптың да айтқанын толық тыңдады. Кейін осымен 4-рет өткізіліп жатқан сот отырысының шешімін шығарды.

Лариса Крюкова – Петропавл қаласының №2 сотының судьясы:

– Ирина Константинова Ольга Беляковаға келтірілген моральдық зиян үшін 80 мың теңге көлемінде өтемақы төлесін. Белякова бірнеше жылдан бері қатерлі ісік дертінен емделіп жүр. Ол да бір үлкен күйзеліс. Шешім шығару барысында осының барлығы ескерілді.

Талапкер сот шешімімен келіспеген жағдайда 1 ай ішінде істі қайта қарауға арыз жаза алады.

Маржан Касымбек