Спорт

Теріскейде үлкен теннистен жарыс өтті

Петропавлда Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында үлкен теннистен облыс біріншілігі өтті. Жарысқа 36 спортшы қатысты.

Чемпионат екі кезеңнен тұрды. Біріншісінде 8 бен 11 жас аралығындағы ұл-қыздар сынға түсті. Ал екінші бөлігінде 11-14 жастағылар бақтарын сынады. Барлығы 4 корд бар. Бір ойынға шамамен 15 минут кетеді екен. Жарыс аяқталған соң жүлделі орын иеленгендерге кубоктар мен дипломдар табысталды.

Жанат Мұхаметғалеев – қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы:

– Бүгінгі чемпионатты Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырдық. Бұндай жарыс қаламызда бірінші рет өтуде. Енді бұл шараны дәстүрге айналдырамыз деген ойдамыз. Балалардың дайындықтары жақсы. Оған қоса бұл спорт түріне қызығушылық күннен-күнге артуда.