Аптадағы маңызды жаңалықтар

ТҮКШ мәселелері бойынша заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқылануда

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын ауқымды реформалар күтіп тұр. Тиісті заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Оларды талқылау үшін бүгін өңірге арнайы республикалық жұмыс тобы келді.

Оның құрамына Сенат депутаты Ерік Сұлтанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев және бірқатар Мәжіліс депуттаттары кіреді. Бүгін жұмыс тобы аймақ басшылығымен жүздесіп, маңызды сұрақтарды талқыға салды. Мәселен, өзгертілген заңнама бойынша Пәтер иелерінің кооперативтері жойылмақ. Олар тиімсіз деп танылып отыр. Ал орнына меншік иелерінің бірлестіктері құрылады. Яғни, көпқабатты баспаналардың әрқайсысы «Бір үй – бір бірлесік – бір шот» қағидасы бойынша басқарылатын болады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған. Қазір құжат екінші оқылымға әзірленуде.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың сөзінше, біздің өңірде мұндай жаңғырту қажет. Себебі, көп жағдайда кооперативтер ашық жұмыс істемейді, ал кей көпқабатты үйлерде ол мүлде жоқ. Сол себепті, басқаруды тұрғындардың өздеріне берген жөн.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде СҚО-да 1758 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың шамамен жартысы кондоминиум объектісі ретінде тіркелген. Баспаналардың небәрі 35 процентіне кооперативтер басшылық етеді. Тиісті басқару мен қызмет көрсетудің жоқтығынан үйлердің басым бөлігі ескірген. Кейбірі күрделі жөндеуді талап етеді.

Саят Ермек