Мәдениет

Шаһарда Шал ақын ауданының тұлғаларына арналған көрме ашылды

Евней Бөкетов, Ғалым Малдыбаев, Кәкімбек Салықов. Елге әйгілі бұл тау тұлғалар Шал ақын ауданында туып-өскен. Бүгін Петропавлда осы өлкеден шыққан қайраткерлердің жеке заттары қойылған көрме ашылды. Ол “Өңіріміздің ұлы тұлғалары” деп аталады.

Көрме кішігірім залда орналасқан, алайда, бұл жерден алуға болатын тарихи ақпарат теңізбен тең десек, артық айтпаспыз. Себебі, Шал ақынның қасиетті топырағында туып-өскен көрнекті қайраткерлер өте көп.

Маржан Таушарова – Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

– Шал ақын ауданынан шыққан Ғалым Малдыбаев, Ермек Қонарбаев, Жарасбай Нұрқан, Ахметжан Нұртазин, Зейнел-Ғаби Иманбаев сынды ақын-жазушыларымыз, Евней Бөкетов, Аманжол Қошанов, Мырзатай Серғалиев секілді академиктеріміз, Марат Мажитов, Анатолий Васимов, Николай Михайличенко, Жеңіс Рыспаев, Әлімжан Ахмадин сынды генерал ағаларымыз да бар. Біздің музейімізде көптеген асыл азаматтардың, ұлы тұлғалардың жәдігерлері сақтаулы. Бұл көрмеге біз 100-ге тарта жеке заттарын әкеліп отырмыз.

Ең ерекше экспонаттардың бірі – Александр Викторенконың костюмі. Әйгілі ұшқыш әрі ғарышкер – Шал ақын ауданының тумасы. Бұл костюммен Викторенко ғарышты 4 мәрте бағындырған екен. Ал мына ескі кассетаға ғарышкер жайлы жасалған 12 минуттық фильм жазылыпты.

Саят Ермек – тілші:

– Шалақындық тау тұлғалардың бірі – Герольд Бельгер. Тірі болса, ол биыл 85 жасқа толар еді. Ұлтым неміс болса да, жүрегім қазақ деген қайраткердің мұнда жеке заттары, яғни тақиясы, қаламсаптары, тіпті, шахмат тақтасы қойылған. Интеллектуалды ойынды Бельгердің жаны сүйген екен.

Бұдан өзге мұнда Ермек Қонарбаевтың баспа машинкасы, Зейнел-Ғаби Иманбаевтың көзілдірігі мен Ғалым Малдыбаевтың домбырасы қойылған. Өзге де қызықты жәдігерлер жететін. Көрме мамырдың 31-інен маусымның 20-сына дейін жұмыс істейді. Келем деушілерге есік ашық.

Саят Ермек