Халық тарих толқынында

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Тоталитарлық режимге жақпай, халық жауы деп танылғандардың саны Қазақстан бойынша 103 мыңға жуықтайды. Бүгін жерлестеріміз жазықсыз жапа шеккен жандардың рухтарына тағзым етіп, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Ағылшын және жапон тыңшысы, ұлтшыл – бір сөзбен айтқанда Кеңес халқының жауы. Өткен ғасырдың басында қуғын-сүргінге ұшыраған жандарға осындай жала жабылды. Тағылған айыпты ешкім дәлелдей алмады, сот отырысы өткізілмеді, судья ешқандай шешім шығармады. Барлығына тек «Үштік» төрелік етті. Белгісіз адамдардың көрсетуімен 8 мыңға жуық жерлесіміз сталиндік террордың құрбаны атанды. Олардың 1,5 мыңы ату жазасына кесілген.

Руслан Әлішев – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

– Бүгін – тоталитарлық режимнің құрбандарын еске алу күні. Қазақстанда 103 мыңнан астам азамат қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың 25 мыңы ауыр жазаға тартылды. Әрбір бесіншісі күшпен жер аударылды. Тағы мыңдаған боздақ 11 концлагерьге қамалды. Жазықсыз жапа шеккен жандарды ұмытпауымыз қажет.

Сталиндік террорға ұшыраған жандардың есімі ешқашан ұмыт болмайды. Жыл сайын теріскейліктер ескерткіш басына жиылып, қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды.

Мына тақтада тағдыры бір түн ішінде шешілген жандардың есімдері жазылған. Солақай саясатқа жақпай қалғандардың арасында Күлке Әубәкірованың әкесі Құлжабай Башшығұлов та болған. Айрандай ұйып отырған жанұяның шырқы 1937 жылдың 18 тамызында бұзылыпты. НКВД адамдары азаматты болыс болғандығы үшін ғана алып кеткен.

Күлке Әубәкірова:

– Бұл арада ол кезде ақ түрме болыпты. Сол ақ түрмеде түнгі 1-30-да атылыпты. Біздің көрмеген бейнетіміз жоқ. Мен 2 жаста қалдым. Анамның қолында 3 бала болды. Үйімізді алып қойып, кеңсе қылған. Ағаштың арасында, орыстардың үйінде де тығылды. Карлагқа әкетеміз деп бізді іздеген ғой. 2 жыл бойы іздеуде болыппыз.

Бұл күні теріскейліктер Мағжан Жұмабаев ескерткішінің де маңына жиылды. Жұртшылықтың арасында 79 жастағы Тасболат Бекенов есімді ақынның інісі де бар. Ол біртуар перзенттің бала күнінен, ерекше қасиеттерінен хабардар.

Тасболат Бекенов – Мағжан Жұмабаевтың інісінің баласы:

– Мағжан бала кезінен ойнамаған. Әкем ол үнемі шалдардың жанынан шықпай, әңгімелерін тыңдап отыратын дейді. Москвада оқыды.

Солақай саясаттың ызғары Тасболат Бекеновтың жанұясына да зардабын тигізіпті. Әкесі Сәлімжан ақынның туысы болғаны үшін сотталған екен.

Тасболат Бекенов – Мағжан Жұмабаевтың інісінің баласы:

– Әкемді 53-ші жылы соттады. Мағжанның інісі әлі тірі жүр деп. Сталин өлгенде қол шапалақтады деп 25 жыл берді. Онда мен 12 жастамын. 57-ші жылға дейін отырып қайтты әкем. Жаңа жылға жақындағанда ақталып келді.

Көп кешікпей еске алу шарасы да басталды. Алғашқы гүл себеті облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан қойылды. Кейін, аға буын өкілдері, жастар жағы қызыл қалампырларын ескерткіштің алдына жайғастырды. Мағжан сенген кейінгі толқын қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызын ұмытпайды, ұлықтайды.

– М.Жұмабаев – біздің атамыз. Оның қазақ өнеріне, әдебиетіне салған ізі, үлгі-өнегесі өте зор.

– Мағжанның рухы өлмеуі керек. Сол кісілердің бастаған шаруасын қазіргі жастарымыз жалғаса деген игі ниеттеміз.

Саят Ермек