Аптадағы маңызды жаңалықтар

А.Шпекбаев өңірдегі үш күндік іс-сапарын қорытындылады

Билік халық үшін ашық болуы тиіс. Ал атқарушы органдардың штатын қасқартып, керексіз лауазымдарды алып тастау қажет. Бұл жайлы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты. Бүгін мейман облыс әкімдігінде отырыс өткізіп, өңірдегі үш күндік іс-сапарын қорытындылады.

Есту кемістігі бар азамат ХҚКО келсе, мамандар олармен еркін тілдесе алады. Өйткені, мұндағы 16 қызметкер ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясында ишара тілін меңгерген. Ыммен тілдесуді тағы бірнеше ведомство мамандары да үйреніпті. Мұндай тың жоба бүгін Алик Шпекбаевқа таныстырылды.

Алик Шпекбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Тез арада бұл тәжірибені республика бойынша ендіру қажет. Себебі, мұндай санаттағы жандар да мемлекеттік қызметтерді еш қиындықсыз алуға құқылы.

Бұдан соң өңірлік атқарушы орган жетекшілерінің қатысуымен отырыс өтті. Жиында халықпен тығыз жұмыс жасау қажеттігі айтылды. Алик Шпекбаевтің сөзінше, билік бұқара үшін ашық болуы тиіс. Ал теріскей басшылығы бұл принципті ұстануға тырысуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз барлық әкімдік отырыстары мен жиындарын онлайн режимде өткіземіз. Жұртшылық қандай мәселелердің қаралып жатқанынан, қандай шешімдердің қабылданғанынан, ақшаның қайда жұмсалып жатқанынан хабардар.

Жергілікті атқарушы билік халықпен диалогқа әрдайым әзір деді Құмар Ақсақалов. Бұған “Ашық әкімдік” қабылдаулары дәлел. Жылына 4 рет атқамінерлер бұқарамен жүздесіп, базыналарын тыңдап, түйіткілдерін шешеді. Жемқорлық фактілері де теріскейде өзге өңірлерге қарағанда сирегірек кездеседі екен. Мұны статистика көрсетіп отыр. Қанша дегенмен, фактілер жоқ емес, бар. 19-шы жылдың алғашқы 4 айының өзінде бізде 72 парақорлық қылмыстың беті ашылған. 5 факті – ауыл шаруашылығында, 12-сі білім беру саласында әшкереленген.

Асхат Жұмағали – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Сондай-ақ, жол-патрульдік полиция тобының қылмысын әшкереледік. Олар жүргізушілерден жүйелі түрде 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін пара алып тұрған. Екі инспектор жол ережесін бұзғандарды тоқтатып, әкімшілік хаттама толтырмау үшін қаражат сұраған екен. Бүгіндері олар кінәсін толығымен мойындады, жуық арада іс сотқа берілмек.

Өңірдегі орман шаруашылықтарының бірінде ағаш кесу үшін берілетін рұқсаттар жұртшылыққа заңсыз қымбатқа сатылған. Тиісті қаражат кассаға салынса, үстемені шаруашылық директоры орманшылар арқылы қалтасына басып отырған. Бұл қылмыстық схема да әшкереленді. Парақорлық кеселімен теріскей күресуде. Қалай? Бұл жайлы жемқорлыққа қарсы ведомстволардың жетекшілері баяндады. Мәселен, бүгінде мемлекеттік қызметтердің барлығы жаппай цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Органдарда жаппай фронт-офистер ашылуда, тағы осымен 5-ші ай қатарынан “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасы жүзеге асып келеді. Өңірде атқарылып жатқан шаруа барысына Алик Шпекбаев оң бағасын беріп отыр.

Алик Шпекбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бұл мемлекет саясаты. Басқа өңірлермен салыстырғанда, сыбайлас жемқорлықтың ең төмен деңгейі осы облыста деп айтуға болады. Соның өзінде де, фактілер бар. Сондықтан, әрі қарай алдын алу, жібермеу, жою бағытында қызмет жасауға тиістіміз.

Алик Шпекбаевтің айтуынша, ұрлық қаржы көп жерде орын алады. Сондықтан, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алулар жүйесі де орталықтандырылмақ. Яғни, басқармалар мен департаменттердің басшылары тендер жариялап, әлектенбейді. Сәйкесінше, қазына қаражатын қалтаға салу да мүмкін болмайды. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысын факторлық-балдық шкала арқылы төлеу мәселесі де сөз болды отырыста. Елімізде бұл жүйе біртіндеп ендіріліп жатыр. Осы орайда мемлекеттік аппаратты оңтайландырған абзал. Алик Шпекбаевтың сөзінше, атқарушы органдардың штатын қасқартудан қорықпау керек. Қажеті шамалы лауазымдарды алып тастаған жөн. Мемлекеттік қызметте жемісті жұмыс жасай алатын, өз ісінің шеберлері еңбек етуі тиіс.

Саят Ермек