“Қызылжар – адалдық алаңы”

МТРА жаңалықтары

11:15 30 Мамыр 2019

Қызылжар – адалдық алаңы жобалық кеңсесі өз жұмысын өткен жылдың соңында бастады. Мамандар сот жүйесі, денсаулық сақтау мен құқық қорғау сынды 6 маңызды саланың қызметін өз бақылауына алған.

Екінші қалалық сот судьяларының қарауындағы істердің саны соңғы уақытта азаюда. Себебі, қазір фемида өкілдері қос тарапты бітімгерлікке шақыруға көп көңіл бөледі. Яғни, сотқа арыз-шағым түскен сәттен-ақ, іске татуластырушы судьялар қосылады. Олардың жұмыс нәтижесі жаман емес.

Динара Байзақова, №2 қалалық сотының төрайымы:

– Биылғы жылы қаңтар айынан бастап 405 іс ымыраға келумен аяқталды. Оның арасында медиаторлардың сотқа жеткізбей шешкендері бар. Сондай-ақ, процесс барысында судьялардың көмегімен бітімгерлікке келгендер де аз емес. Ал, былтыр 4 ай ішінде бұл көрсеткіш 123-ті құраған болатын. Күннен-күнге медиация мен татуластыру кабинеттерінің жұмысы жайлы білетін тұрғындардың саны артып келеді.

Дәл осындай жұмыс облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында да жүзеге асырылуда. Қаңтар айынан 150 іс бітімгерлікпен аяқталыпты. Тағы өткен жылы мұнда фронт-офис ашылды. Екі бірдей сотқа қарайтын кеңсе келушілерге қажетті қызметтің барлығын көрсетеді екен. Мәселен, тұрғындар істің қаралу барысымен танысып, құжаттарды рәсімдеу ретін біле алады. Дәл осындай орталық былтыр қараша айында қалалық полиция басқармасында да жұмысын бастаған.

Жандос Мұқатов, Петропавл қалалық ПБ бастығы:

– Бұрын мұнда темір тор тұратын. Қазір ашық зона. Тергеу мәселесін екінші терезеде шешеді.

Осылайша, тұрғындар мамандардың көмегімен шаруаны бірнеше минуттың ішінде-ақ тындыра алады. Бұл Петропавл қалалық полиция басқармасында орын алған жалғыз өзгеріс емес. Мұнда құқық қорғаушылар үшін адалдық дүкені орнатылған. Яғни, сатушы жоқ. Сөреге қойылған заттарды қызметкерлер қажетті ақшаны төлеп, ала береді. Атқарылған жұмыстарға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың көңілі толды. Алайда, басқарманы аралап шыққан мейманның ескертуі де бар. Ол бастықтың жеке кабинетіне қатысты.

Алик Шпекбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Бізде тіпті әкімішіліктегі мамандардың кабинеті бұдан кішкентай. Сондықтан, жылдың соңына дейін ретке келтіріндер.

Кейін мейман 3-ші қалалық емханаға ат басын бұрды. Себебі, денсаулық сақтау саласы мамандарының жұмысына түсетін шағымдар аз емес. Дәрігер мен науқастың арасындағы байланысты оңалту үшін «Қызылжар – адалдық алаңы» емдеу мекемесінде қанатқақты жобаны іске қосты. Нәтижесінде соңғы бірнеше ай ішінде оң өзгерістер орын алған. Атап өтер болсақ, қазір ақ халаттылардың қабылдауына кезек алу мен дәрігердің жұмысын бағалауды электронды түрде жүзеге асыруға болады. Заман игілігін 71 мыңға жуық шаһар тұрғыны көруде.

Нәзия Қайырнасова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Электрондық кезек біз үшін рахат болды. Өте ыңғайлы.

Емдеу мекемесінде цифрландыру жобасы іске қосылғалы бері шағымдардың саны бірден 90 пайызға төмендепті. Шаһарлықтар енді өз кезегін бұрынғыдай сағаттап күтпейтін болды. Дәрігерлердің жұмысы да қатаң бақылауда. Ақ халаттылардың қызмет көрсету сапасын енді тұрғындар QR код арқылы бағалай алады. Бұл ретте Алик Шпекбаевтың да мамандарға айтқан ұсынысы бар.

Алик Шпекбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Емдеу мекемесінде ақ халаттылардың жұмысына қатысты қала тұрғындары өз ұсыныстарын жаза алатын кітап болуы қажет. Сіз, бас дәрігер ретінде барлық шаруаны бір мезетте қадағалай алмаймыз. Осы жерде сізге шаһарлықтар көмекке келер еді. Сондықтан, істі тез арада қолға алып, ұсыныстарға арналған кітапты кіреберіске іліп қойыңыздар.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті өңірдегі жоғарғы оқу орнын да назардан тыс қалдырмаған. Мұнда арнайы «Саналы ұрпақ» жемқорлыққа қарсы технологиялардың зертханасы ашылыпты. Студенттер оқытушылармен бірлесіп, білім алушылардың арасында парақорлықты болдырмау үшін ат салысуда. Ол үшін алдымен жастар арасында сауалнама жүргізіліпті.

Павел Афанасьев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы:

– Соңғы рет сауалнамаға 41 адам қатысыпты. Менің ойымша, шара барынша көп студентті қамтуы тиіс. Ондаған адам арқылы бір шешім шығаруға болмайды. Сондай-ақ, қойылатын сұрақтарды да нақтылаған жөн. Яғни, «сіз жемқорлықпен бетпе-бет кезіктіңіз бе» деген сауал жарамайды. Бұл ретте бізге парақорлық фактісінің жоғарғы оқу орнының қабырғасында орын алу-алмауы маңызды. Сондықтан, сауалнамаға әлі де көңіл бөлу қажет.

Ал, бұл – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 2-ші оқу корпусы. Нысанның бірінші қабатында студенттерге қызмет көрсету орталығы орналасқан. Бүгінде мұнда 34 қызмет түрі көрсетіледі, оның 5-уі мемлекеттік. Алдағы уақытта қатары тағы біреуімен толықпақ. Сөйтіп, жатақхана кезегіне тұруға өтініш дәл осы жерде жазылатын болады. Барлық қызмет көрсету орталықтарындағыдай, мұнда электрондық кезек жұмыс істейді. Сондықтан, білім алушылар шаруаны тез арада тындыра алады.

Қызылжар адалдық алаңы өз жұмысын өткен жылдың соңында бастады. 5 ай ішінде атқарылған шаруа ауыз толтырып айтарлықтай. Қазір мамандар жолдың жөнделуі сынды шараларды өз бақылауларына алған екен.

Эльмира Садвокасова

 

 

Бұдан әрі оқыңыз

Қол астындағы қызметкер жемқорлыққа барса, басшы жұмыстан кетеді
Азаматтарды қоғамдық қабылдау өтті
Шаһарда “Ауыл” партиясының мүшелері есеп берді
Оқушылар TEDx форматында жиын өткізді