Ауыл шаруашылығы

СҚО-да соя егіліп жатыр

Өңір алқаптарына соя егіле бастады. Биыл құнарлы теріскей топырағының шамамен 15 мың гектарына аталмыш дақыл сіңірілетін болады. Бұл “Солтүстік соясы” мемлекеттік бағдарламасының арқасында мүмкін болып отыр. Оны облыс әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесе әзірлеген.

Саят Ермек – тілші:

– “Солтүстік соясы” мемлекеттік бағдарламасын тайынша ауданы жүзеге асыруды бастап кетті. Биылғы маусымда өңір бойынша бұл дақыл түрі 14 мың гектар алқапқа егілуі тиіс. Оның 4 мың гектары “Тайынша-Астық” серіктестігіне тиесілі. Жұмыстар 26-шы мамырдан бері жүргізіліп келеді.

Бүгінге дейін Тайынша-Астық соя бұршақтарын үш жыл бойы эксперимент ретінде өсіріп келген. Бірақ аумақ 500 не 1 мың гектардан аспайтын. Биылғы маусым олар үшін маңызды. Себебі, агроқұрылым тәжірибеден іске көшкен.

Анатолий Сорницкий – “Тайынша-Астық” ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

– Егістік жұмыстарын мамырдың 29-30-ы күндері тәмамдамақшымыз. Үш жыл бойы дақылды зерттедік, жіберген қателіктерімізді түзеуге тырыстық. Сондықтан, мол өнім аламыз деп үміттеніп отырмыз.

Серіктестік басшысы Анатолий Сорницкий, соя – ерекше күтімді қажет етпейді дейді. Тек жерді дайындап, танапты уақытылы тыңайтып тұрса болғаны. Топырақ ылғалдылығы да жоғары болуы тиіс. Өңір бойынша бұл дақыл түрінің элиталық және суперэлиталық сұрыптары егіліп жатыр. Олар біздің қыңыр климатқа төзімді. Өнім мол болу үшін тұқым алдын ала инокулянттармен өңделеді. Бұл – тірі бактериялар. Олар шығымға тікелей әсер етеді.

Анатолий Сорницкий – “Тайынша-Астық” ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

– Инокуляция жасалмаса, шығымдылық 40-50 процентке азаяды, сондай-ақ дақылдың сапасы да төмен болады. Тұқым инокулянттармен өңделген соң, оның бетіндегі тірі бактериялар 14-15 сағат көлемінде өмір сүреді. Осы уақыт аралығында дақылды сеуіп үлгеру қажет.

Сояны егудің өзіндік технологиясы бар. Оны сақтау маңызды. Мәселен, 1 метр жерге тек 5-6 дана тұқым себілуі тиіс. Бұдан көп болса қауызы жарлыған тұқымдар бір-бірінің өсуіне кедергі жасайды, сәйкесінше, шығымы аз болады. Бұл талапты бұзбау үшін Тайынша-Агро үш бірдей заманауи себу кешенін алған. Бұл – немістің “HORSCH maestro” машинасы. Соя егуде оған өзге ешбір техника тең келмейді. Аталған дақыл түрін өсіруді қолға алған солтүстікқазақстандық шаруалар мұндай дәнсепкіштердің барлығы 12 данасын алған.

Өсіру – таңсық болғанымен, тұтыну таңсық емес. Май, ұн, сүт, ет, паста, тұздық. Бұл – соядан әзірленетін тағам түрлерінің тек бір парасы ғана. Мал азығын жасауда да ол белсенді қолданылады. Себебі, бұл дәнді-бұршақ тұқымдас – нағыз нәруыз көзі. Сондықтан, аталмыш әмбебап дақылға сұраныс та жоғары. Осыны түсінген облыс және ел басшылығы “Солтүстік соясы” мемлектік бағдарламасын жүзеге асыруда.

Наргиз Ақжігітова – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– “КазЭкспортАстық” агрохолдингінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алқаптарында 12 мың гектарға жуық және “Атамекен” холдингінің шаруашылықтары бойынша 5 мың гектарға жуық алқапқа соя егіледі. “КазЭкспортАстық” шаруашылықтары бойынша 1 мың тоннаға жуық элиталық және супеэлиталық тұқым әкелінді.

“Солтүстік Соясы” бағдарламасы жүзеге асатын 5 жылдың ішінде соя алқаптарының аумағын 10 есеге ұлғайтып, 1,5 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бір гектардан көп дегенде 30 центнер өнім алу межеленген. Бұл мақсатқа жету жолында теріскей шаруаларына мемлекет барынша қолдау көрсетпек.

Саят Ермек