МТРА жаңалықтары

Мәскеу-Петропавл-Мәскеу әуе рейсі ашылды

Енді Ресей Федерациясының астанасына небәрі 3 сағаттың ішінде жетуге болады. Бүгін Мәскеу-Петропавл-Мәскеу әуе рейсі ашылды. Екі аралықта 100 адамға шақталған ұшақ қатынамақ.

Петропавл мен Мәскеу арасында 1991-ші жылға дейін ұшақ қатынапты. Кейін әуе байланысы үзілген. Енді, міне араға 28 жыл салып аталмыш рейс қайтадан жанданып отыр. Таңғы 7-ге жақындағанда Петропавл халықаралық әуежайына Ресейдің бас қаласынан бет алған қос қанатты көлік келіп қонды. Оны өрт сөндірушілер ерекше қарсы алды.

Петропавлға 22 адам ұшып келді. Оларды жиналғандар сән-салтанатпен қарсы алуда. Ұшақтан түскендердің арасында қала тұрғыны – Татьяна Коркина да бар. Жерлесіміз осыдан 1 ай бұрын Мәскеуге поездбен жетіп, ұлы мен немерелерінің қасында уақыт өткізіпті. Ал қайтарда әуе кемесіне билет алған екен.

Татьяна Коркина – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Петропавлға поезбен қайтайын деп едім билет болмады. Сосын ұшақпен келуге тура келді. Еш өкінбеймін. 2 сағат 40 минуттың ішінде әуежайға қондық. Уақыт үнемдедім. Поездға мінсем 2 тәуліктей жүретін едім. Енді тек ұшақпен қатынаймын.

ИрАэро компаниясына тиесілі ұшақ Мәскеу мен Петропавл арасында аптасына 1 рет, сәрсенбі күні қатынайды. Ол 100 адамға шақталған. Билет бағасы қалта көтерерлік. Жақында қаламызбен Мысырдың көрікті шаһарларының бірін байланыстыратын тағы бір әуе рейсі ашылмақ.

Марат Хасенов – «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ директоры:

– Билеттің бағасы 47 мыңнан басталады. 8-ші маусымнан бастап шар Шарм-эш-Шейх – Петропавл – Шарм-эш-Шейх бағытындағы әуе рейсі ашылады. Ол рейсті “SCAT” компаниясы орындайды.

– Ұшақтың халықаралық Петропавл әуежайына келіп қонғаны жаңа ғана еді, енді қайтадан қазір, нақтырақ айтатын болсақ, тура 8-де Мәскеуге ұшатын болады. Ресейдің астанасына әуе кемесімен 33 жерлесіміз ұшпақ.

Әне-міне дегенше әуе кемесіне отырғызу басталды. Ұшаққа бір топ ұстаздар қауымы да мініп жатыр. Олар Мәскеуде өтетін іс-шараларға қатысып, тәжірибе жинақтамақ.

Айгүл Хасенова – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз 3 күн Мәскеуде боламыз. Осы уақыт ішінде түрлі жерлерді аралап, семинарларға қатысуды жоспарлап отырмыз. Мынадай әуе рейсі ашылғанына өте қуаныштымын. Өзіміздің әуежайдан ұшатынымыз жақсы болды.

Көп кешікпей ұшақ әуеге көтеріліп, Мәскеуге қарай бет алды.

 

Култанов Байболат