Құқық қорғау органдары

Істі болғандарға құқықтық көмек көрсетілуде

Жаңа өмір бастауға мүмкіндік! Петропавл қалалық пробация қызметі түрмеден шыққан және шартты түрде сотталған жандарға көмек көрсетуде. Бүгін олар үшін ашық қабылдау ұйымдастырылды. Істі болғандар жұмыс табу, материалдық және медициналық көмек алу бойынша сауалдарын түрлі ведомсво өкілдеріне қоя алды.

Владислав Устинов 2016 жылы төбелесіп, бұзақылық жасағаны үшін 4 жарым жылға шартты түрде сотталады. Жазасын өтеп жүріп, курьер болып жұмыс істеп, нәпақа табады. Жақсы тәртібі үшін ол бірер күнде мерзімінен бұрын босауы тиіс. 21 жасар жігіттің мамандығы жоқ. Сондықтан өз болашағына алаңдаған азамат орталыққа арнайы келген.

Владислав Устинов:

– Жаза өтеу мерзімі аяқталған соң, әскерге барып, Отан алдымдағы борышымды өтеп келгім келеді. Кейін мемлекеттік органдарға қызметке тұрсам деген ниет бар. Бұл мүмкін бе? Осыны білгім келеді.

Мамандардың сөзінше, Владиславтың мұндай мүмкіндігі бар. Бірақ, есептен шыққанға дейін біршама уақыт күте тұру қажет.

Негізі, жазасын өтеп шыққандарды материалдық проблемалар мен жұмыстың жоқтығы қайта қылмысқа итермелеуі мүмкін. Сондықтан, құқық қорғау органдары оларды қоғамға бейімдеуге барынша тырысуда. Жазасын өтеп шыққандар бір жолғы жәрдемақы мен ақысыз медициналық көмек алуға құқылы. Тағы курстардан өтіп мамандық игеру не бизнес ашуға мүмкіндіктері бар.

Виталий Неверов:

– 2012 жылы 8 жылға сотталдым. Жуырда ғана мерзімімнен бұрын босап шықтым. Қазір мамандық бойынша курстардан өтіп жатырмын. Сондай-ақ қысқа кәсіпкерлік курстарын да тәмамдадым. Болашақта дәмхана не асхана ашсам деймін.

Баспана мен екі қолға бір күрек. Осы және өзге де маңызды мәселелер түрмеде жазасын өтеп шыққан не шартты түрде сотталған жандарды толғандырады. Сондықтан, пробация қызметінің инспекторы, заңгер, қорғаушы, медиатор, психолог және жұмыспен қамту орталығынан келген мамандар заңның ала жібін аттағандарды қабылдап, сұрақтарына жауап беруде.

Евгений Зель – Петропавл қаласының пробация қызметі бөлімінің инспекторы:

– Түрмеден босап шыққандардың көбі бостандықта қиын жағдайларға тап болады. Басым бөлігінің құжаттары болмайды, енді біреулері жұмыс таба алмайды, кейбірі баспанасыз сандалып жүреді. Біз мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін қолдау түрлерін түсіндіреміз.

Айта кеткен жөн, жыл басталғалы шартты түрде сотталған және түзету мекемелерінен босап шыққан 43 адам жұмыспен қамтылыпты.

 

Саят Ермек