МТРА жаңалықтары

Абай, Мағжан және Шәкәрім оқуларының облыстық кезеңі өтті

Петропавлда 115 дарынды ұл-қыз бас қосты. Олар жыл сайын өткізілетін Абай, Мағжан және Шәкәрім оқуларында бақ сынамақ. Өңіріміздің түпкір-түпкірінен жиылған оқушылар 7 номинация бойынша үздіктерді анықтайды.

Абай, Шәкәрім, Мағжан – ұлттық әдебиетіміздің үш бәйтерегі. Олардың өлеңдері, нақыл сөздері және шығармаларымен әр оқушы таныс. Тау тұлғаларды сүйіп оқитын бұл жасөспірімдер бірнеше сәттен соң сынға түседі. 4 аталым Абай мен Шәкәрім шығармаларына арналса, Мағжан шығармашылығы бойынша 3 номинация қарастырылған.

Әсел Есімсейітова, СҚО білім басқармасының қазақ тілі мен әдебиет саласындағы әдіскері:

– Бүгінгі күнде республикалық Абай Мағжан оқуларының облыстық кезеңі өтуде. Оған аудандарымыздан жүлделі орын алған оқушыларымыз қатысуда. Бүгінгі күні байқауға 5-11 сынып арасындағы 115 оқушы қатысуда.

Мұнда «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша Абай мен Шәкәрімнің әндері орындалуда. Барлығы 18 оқушы қатысып отыр. Солардың бірі – Сабина Сарыманова. Уалиханов ауданынан келіп отырған ару аталмыш байқауда былтыр да бағын сынаған екен.

Сабина Сарыманова, қатысушы:

– Бүгінгі байқауда орындаған әнім «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» және «Анадан алғаш туғанда». Олар Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары. Бұл байқауға қыркүйек айынан бері дайындала бастадым. Енді осы дайындығым мені қолдайды деген ойдамын.

Ал бұл жерде қатысушылар Абай, Мағжан және Шәкәрім еңбектеріне эссе жазып жатыр. Қалам мен қағазды серік еткен оқушылар 80 минуттың ішінде шығармаларға талдау жасап, өз ойларын көркем сөз арқылы жеткізе білулері тиіс. Байқауда бағын сынай келгендердің бірі – Аружан Хамитова.

Аружан Хамитова, қатысушы:

– Бүгінгі Абай оқулалырың «Ұлылар әлемі» номинациясы бойынша келіп отырмын. Облыстық кезеңге екінші жыл қатысып отырмын. Жеңемін деген ойдамын, себебі күні-түні дайындалдым. Сол дайындықтың жемісі болады деген сенімдемін.

Әр аталым бойынша топ жарған балғындарға дипломдар табысталды. Ал 1-ші орынға ие болған оқушылар облыстың намысын оқулардың республикалық кезеңінде қорғайды. Ол маусым айының 17-і мен 18-і күндері Петропавлда өтпек.

 

 

Актолкын Солтанханкызы