Балалар

Қалада караоке байқауы өткізілді

“Рухани жаңғыру- жастарға жарқын жол”. Бүгін Петропавлда алғаш рет осындай атаумен караоке байқауы өткізілді. Оған түрлі мамандық иелерінен құралған 6 команда қатысып, 3 тілде ән шырқады.

Ортада «Классика» құрамасы өнер көрсетіп жатыр. С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның мұғалімдерінен құралған команда ә, дегеннен-ақ көпшіліктің назарын өзіне аударып, жиылғандарға күтеріңкі көңіл күй сыйлай білді.

Нұргүл Исимбаева – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның мұғалімі:

– Жақсы көңіл күйдеміз, осы конкурстан керемет әсер алып, керемет қайтамыз деген ойдамын. Конкурсқа жақсы дайындалдық. Жоғары деңгейде деп айта аламын. Өзімізге белгілі бұрынғы әндерді еске түсіріп, мектепте караоке айттық.

Маржан Қасымбек:

– «Рухани жаңғыру – жастарға жарқын жол» атты байқау биыл Петропавлда алғаш рет өткізіліп жатыр. Қатысушылар конкурс ережесіне сай 3 кезең бойынша өзара сайысқа түсуде.

Караоке байқауына кәсіподақ өкілдері, белсенді жастар мен өңіріміздің еркітілерінен құралған жалпы 6 команда қатысуда. Әрбірінде 3 өнерпаздан бар. Мұндай сайыстар түрлі маман өкілдерінің басын біріктіріп, талантты жандарды анықтауға септеседі дейді ұйымдастырушылар.

Жанна Бисенова – «Жас Отан» ЖҚ баспасөз хатшысы:

– Бұл жиынның жалпы мақсаты үш тілділікті дамыту. Біздің елімізде және жергілікті халық арасынан жас таланттарды табу.

Байқау жеңімпаздары 5 номинация бойынша анықталады. Ал үздік әнші диплом мен бағалы сыйлыққа ие болады.

Маржан Касымбек