Құқық қорғау органдары

Өңірде “Қаңғыбас” жедел-алдын алу шарасы өтті

Өңірде 3 бойы өткізілген “Қаңғыбас” жедел-алдын алу шарасы қорытындыланды. Оның барысында тәртіп сақшылары із-түссіз жоғалған 2 адамды анықтап, 5 ұрлықтың бетін ашқан.

Кәріздік люктар, жертөлелер мен қараусыз қалған ғимараттар. Бұл – қаңғыбастардың жиі тұрақтайтын орындары. Сондықтан, тәртіп сақшылары осындай жерлердің мыңға жуығын тексеріп, үй-күйі жоқ 170 жанды қабылдап-тарату орталығына жеткізген. Мұнда оларды есепке қою үшін саусақ іздері мен биологиялық материал алынып, қаңғыбастардың суреті мен бейнежазбасы жасалады.

Қаңғыбастарды іздеу шаралары қала сыртында да жүргізілді. Басты назарда – саяжай қауымдастықтары мен зираттар болды.

Серік Имамбаев, Петропавл қалалық ПБ ППБ қызметкері:

– Патрульдік полиция батальонының кавалериялық бөлімі бектілген барлық саяжай қауымдастығы мен аумақтарды тексерді. Ондағы мақсат – жасалған ұрлық фактілерінің бетін ашу. Бұл жерлерді жаяу не көлікпен жүріп тексере алмайсың. Сондықтан, полицейлер атқа мініп аралады.

Қабылдап-тарату орнына жеткізілгендердің 2-уі із-түссіз жоғалған жандар болып шықты. Тағы 7 азамат пробация қызметінің бақылауынан қашып жүрген қылмыскерлер екен. Сондай-ақ, Володарский көшесіндегі үйдің жертөлесінен азық-түлікті және екінші қалалық аурухана маңындағы жылу магистралінің металл орамасын қолды қылғандар ұсталды. Жалпы, полицейлер осы сынды 5 ұрлықтың бетін ашқан.

Актолкын Солтанханкызы