Мәдениет

Славян жазуы мен мәдениеті күні

24-ші мамыр – славян жазуы мен мәдениеті күні. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жастармен кездесу өтті. Шара барысында ұл-қыздарға славян әліпбиінің тарихы баяндалды, көне туындылар мен құнды жәдігерлер көрсетілді.

Осыдан бірнеше ғасыр бұрын ағайынды Кирил мен Мефодий славян жазуын ойлап тапқысы келеді. Сөйтіп, біраз зерттеу жүргізеді. Ақыры соңында 863 жылы еврей мен грек әліпбилерін біріктіріп, жаңа графиканы дүниеге әкеледі. Кейін, оны қарапайым халыққа үйретеді. Қазіргі кітаптардың басым бөлігі осы ежелгі қаріппен жазылыпты. Олардың 3 мыңнан астамы бүгінгі күні облыстық кітапханада сақтаулы тұр. Туындылардың арасында ең көне болып табылатын «Остромирово Евангелие», «Пластырь» сынды еңбектер бар.

Юлия Пискунова – С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім жетекшісі:

– «Остромирово Евангелие» 1056-1057 жылдары баспадан шыққан. Қазір оның түп нұсқасы Санкт-Петербург қаласында сақтаулы. Осы орайда айта кетейін, ежелгі славян әріптерімен жазылған кітаптарды оқу қиын. Әсіресе, жастарға өте ауыр. Себебі, бүгінгі күні ол графикадағы дыбыстар қолданылмайды.

Славян жазуы мен мәдениеті күніне байланысты өткізілген шара барысында жастарға түрлі жәдігерлер көрсетілді. Мәселен, ұл-қыздардың назарына осыдан бірнеше ғасыр бұрын қолданылған қаламұштар, қоладан жасалған сия ыдыстары ұсынылды. Тағы, келушілер «Жазу нұсқаулығы» атты кітаппен де танысты. Ол туынды славяндар әріптерімен жазуға үйретеді.

Лидия Милехина – өлкетанушы:

– Бұл кітап 116 жыл бұрын жарық көрген. Еңбекте жазу мәдениетін үйренудегі барлық кезеңдер қамтылады. Яғни, әріптерден бастап, сөйлемнің құралуына дейін көрсетілген.

Жалпы, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың көне кітаптар қорында шығыс жазбалары, тарихи және шағын баспалары мен классиктердің туындылары бар.

Актолкын Солтанханкызы