Мәдениет

“Sensitive” би театрына – 13 жыл

Биыл “Sensitive” би театрына 13 жыл толып отыр. Осыған орай ұжым Петропавлда қайырымдылық концертін өткізді. Билет сатылымынан түскен қаражат маусым айында АҚШ-та өтетін алықаралық байқауға бару үшін жұмсалады.

Бір қарағанда, өнер көрсетіп жүрген жастардың өзгелерден еш айырмашылығы жоқ. Алайда, балалардың құлағында мүкісі бар. Сондықтан, олар әуендегі сөздерді жетекшілері нұсқап тұрған ым-ишара арқылы түсінуде.

Сахнада ұжымның кіші тобы өнер көрсетуде. Олар таңдаған ән мен би қимылдарының үйлесімділігі көз қуантады. Қатарында Яна Симонова да бар. Ол ұжымға 2 жылдан астам мүшелік етеді. Жеткіншек болашағын бимен байланыстыруды мақсат еткенін айтты.

Яна Симонова, «Sensitive» би театрының мүшесі:

– Маған билеген өте қатты ұнайды. Ұжымға келгеніме биыл 2 жыл толды. Сол уақыт аралығында біраз нәрсені үйрендім.

«Sensitive» би театрының 13 жылдық мерейтойына орай қаламыздың басқа да өнерлі ұжымдары құтықтай келіпті. Олар да өз өнерлерін паш етіп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Тамила Смагулова, “Арай” би ансамблінің мүшесі:

– Бишілер қашанда бір-біріне қолдау көрсетулері тиіс. Сол үшін біз де бүгін осында келдік. Ұжымға тек сәттілік тілеймін. Алға қойғам мақсаттарына жетсін. Бүгінгі мерекелерімен шын жүректен құтықтаймын.

Нәзіктік пен шынайы сезім. 2 сағатқа созылған концертте көрермендер бишілердің талантына тәнті болды. Олардың дайындықтарының жоғары екені көрініп тұр. Айнур Саинова ұжымға 10 жылдан бері мүшелік етуде. Бойжеткен «Sensitive» би театрының ересектер тобында билейді.

Айнур Саинова, «Sensitive» би театрының мүшесі:

– Ең алдымен бізді қолдауға келген жандарға өз алғысымды жеткізгім келеді. Мерейтойлық концертке барымызды салып дайындалдық. Қобалжу мен толқулар да болды. Бірақ, залдың адамдарға лық толы екенін көргенде қуаныштан барлығын ұмытып кеттік. Сахнада өнер көрсеткенде сіздердің көрсеткен қошеметтеріңіз бізге күш берді.

“Sensitive” би театры өңір сахналарын ғана емес, әлемді бағындырып жүр. Олар Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Италия, Болгария сынды елдерде өнер көрсеткен. Қазіргі кезде ұжымға 26 өнерлі мүшелік етуде.

Ольга Ростовщикова, «Sensitive» би театрының көркемдік жетекшісі:

–  Бүгінгі концертіміз көптің көңілінен шығып жатыр. Оған шексіз ризамыз. Осы уақытқа дейін қаншама еңбектендік. Өнер ұжымының өркендеуіне ат салысқан жандарға алғысымызды білдіреміз. Алда әлі талай жетістікке жетеміз деп үміттенеміз.

Концерт соңында көрермендер алған әсерлерімен бөлісті.

–  Концерт өте тартымды өтті. Шеберліктері жоғары. Олардың есту қабілеті төмендігіне қарамай 12 мүшесі сау адамдардан артық дәрежеде өнер көрсетті.

– Концерт маған ұнады. Бұл ұжымда бұрын бізде жұмыс жасаған Женя жұмыс істейді. Сондықтан, мен ол қойған концертке ылғи барып жүремін.

Маржан Қасымбек