Спорт

Мемлекеттік қызметкерлер арасында волейболдан жарыс өтті

Петропавлда облыстық спартакиада ойындары аясында волейболдан жарыс өтті. Алаңда – кәсіби спортшылар емес, мемлекеттік қызметкерлер. Бас жүлде үшін 32 команда бақ сынаспақ, оның 12-сі өңір аудандарының намысын қорғауда.

Тартысты жарыстың қола жүлдегерлері бүгін анықталды. Ол – агроөнеркәсіп кешені мамандарынан құралған команда. Ал 1-ші орынға талас ертең өтеді. Онда қазынашылық және мемлекеттік кірістер депертаменттерінің қызметкерлері өзара бақ сынаспақ. Ал қазір алаңда ауыл шаруашылығы мен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармаларының командалары арасында тартысты ойын өтіп жатыр. Құрамалар осал емес, екі кездесудің қорытындысы бойынша есеп әзірге 1: 1. Сондықтан, жеңімпаз шешуші кезеңде анықталмақ. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы басқармасының сапында ведомство басшысы да ойын өрнегін көрсетуде. Ол ерекше дәлдігімен көзге түсіп, командасына бірнеше ұпай әкелді. Нәтижесінде, өз құрамасына жеңіс сыйлады. Спартакиаданың қорытындысы бойынша үздік атанғандар өңір намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

Бахтияр Тоқжігітов, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Ойын өте ұнады. Осындай спартакиадалар жиі ұйымдастырылса жақсы болар еді. 2:1 есебімен біздің команда жеңіске жетті. Келесі ойынымыз денсаулық сақтау басқармасымен өтетін болады. Жеңеміз деген үміттеміз. Жарыс өтеді дегенді естіп ұжыммен үш ай бойы дайындалдық.