Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құмар Ақсақалов Ғ.Мүсірепов ауданының аграрийлерімен кездесті

Минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай сатып алуда диқандарға көмек көрсетуге әзірміз. Субсидия төлеу үшін биыл өңірге бөлінген қаржы біршама артқан. Бұл жайлы облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ғ.Мүсірепов ауданының аграрийлерімен өткізген кездесу барысында айтты.

Бұл – Ғ.Мүсірепов ауданындағы ірілі-ұсақты агроқұрылымдардың басшылары. Диқандар облыс әкіміне егістік науқанының барысын баяндауда.

Бақыт Құсайынов – “Әділ” басқарушы компаниясының бас директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– “Әділ” басқарушы компаниясының қарамағында 16 мың гектар алқап бар. 14 мыңына астық егудеміз, қалғанын парға қалдырдық. Бүгінде жұмыстың жартысы тәмам. Биылғы маусымда 150 мың тонна элиталық тұқым алдық.

Ауданда 56 серіктестік, 234 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Бұл маусымда олар 700 мың гектардай алқапқа майлы және дәнді дақылдарды сіңірмек. Оның 500 мыңына- бидай, 160 мың гектарға – майлы дақылдар, 8 мыңына – картоп, ал 1 мың гектар жерге көкөніс егіледі. Диқандар биыл көктем уақытылы келді, жер кеуіп үлгерді деп отыр. Сондықтан, маңызды науқан жоспарға сай жүріп жатыр. Болжам бойынша түсім де жақсы болуы тиіс. Осы орайда Құмар Ақсақалов шикізатты алысқа жөнелтпей, өзіміздің жергілікті өңдеуші кәсіпорындарға өткізу қажеттігін айтты. Себебі, мұндай зауыттардың саны артуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аудандарыңызда қоспа жем шығаратын зауыт аштық. Оларға 4-5 ші сыныптық бидай керек. Мұндай алтын дәнді өсіретін шаруашылықтарға астықты осында сатуға болады. Тіпті, ақшаны ертерек алып, шикізатты күзде өткізу мүмкіндігі де бар.

Шаруашылықтарға бөлінетін субсидия мәселесі де тілге тиек етілді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Субсидияға биыл былтырғыға қарағанда көбірек қаржы бөлінді. Минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай алуға мемлекет тарапынан қолдау артығымен көрсетіледі.

Кездесу барысында Құмар Ақсақалов агроқұрылымдарға жоғары әлеуметтік жауапкершілік таныту қажеттігін де қадап айтты. Әсіресе, мемлекеттік жеке меншік әіріптестік аясында жер үйлерді тұрғызып, ауылды көркейтуге ат салысу маңызды.

Саят Ермек