Өңірде егістік науқаны қызу жүріп жатыр

Ауыл шаруашылығы

12:02 24 Мамыр 2019

Қазір өңірде егістік науқаны қызу жүріп жатыр. Тұқым 4 млн 174 мың га жерге себілмек. Аграрийлер шаруаның 44 пайызының басын қайырған. Әзірге, 1 млн гектарға – дәнді, 556 мыңына майлы дақыл сіңіріліпті. Биыл алғаш рет қолға алынып отырған соя өсіру ісі де жоспарға сай атқарылуда.

«Токуши Grain» серіктестігінің алқабында франциялық Massey Ferguson тракторына тиелген тұқым себу кешені жүйткіп жүр. Соңғысы Канадада елінен теріскей жеріне биыл ғана әкелініпті. Қазір ол Аққайың ауданына қарасты алқапта алтын дән себуге жұмылдырылған. Заман игілігі тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. 24 сағаттың ішінде ол 200 гектар аумақтағы шаруаның басын қайыра алады. Рөлде – 15 жылдық еңбек өтілі бар Виталий Кащенко. Су жаңа техниканы тізгіндегеніне көп уақыт болмаса да, тілін тез тауыпты.

Виталий Кащенко – «Токуши Grain» ЖШС механизаторы, Аққайың ауданы:

– Мен бұрын МТЗ-ны тізгіндеген болатынмын. Қазір су жаңа тракторды басқарамын. Өте ыңғайлы, таза, іші жылы. Жұмыс істеу бір ғанибет дер едім. Таңғы 8-ден бастап кешкі 7-ге дейін еңбек етемін. Осы уақыт ішінде біраз жерге дән сеуіп үлгереміз. МТЗ аталған шаруаны тежейтін еді.

Техникалық паркті жаңарту мақсатында серіктестік «Қазагроқаржы» АҚ 400 млн теңге көлемінде несие алыпты. 7 жылға шақталған қаржылай көмекті қайтаруға мемлекет жәрдемдеседі. Яғни, 14 пайыздық жылдық мөлшерлеменің тең жартысы субсидияланбақ. Шаруашылықтың алқабы 6,5 мың гектарды құрайды. Оның 6 мыңына дақыл егілмек. Қазір мұнда 15 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Аумақтың басым бөлігі бидайға арналған. 1,5 мыңына – арпа, тағы мың гектарына зығыр тұқымы себілуде. Бүгінде жоспардың 30 пайызы атқарылыпты. Агроқұрылым биыл өнімнің шығымдылығын арттырмақ ниетте. Күзгі жиын-терім кезінде мамандар бір гектардан 30 центнерге дейін алтын дән аламыз деп отыр.

Жанат Сәрсекеев – «Токуши Grain» ЖШС бас агрономы, Аққайың ауданы:

– Егістік науқанын мамырдың 14-і бастадық. Осы айдың соңына дейін шаруаны толығымен аяқтауды жоспарлаудамыз. Бидайдың 1-ші сұрыпты және элиталы тұқымдарын себеміз. Шығымдылығын арттыру үшін еуропалық гербицидтерді қолданбақпыз. Оған қоса, өсімдіктерді аурудан қорғау үшін фунгицидтерді пайдаланатын боламыз. Бүгінде жұмысқа қажет жанар-жағармай және минералды тыңайтқыштармен толық қамтылдық.

Аграрлы сала – ел үшін әлеуеті мол бағыттардың бірі. Сондықтан, ауыл шаруашылығына көңіл де, қаржы да көптеп бөлінеді. Ғалымдар, синоптиктер мен агрономдар биылғы егістік науқанының ең қолайлы мерзімі – мамырдың 14-інен маусымның 5-іне дейін деп тапты. Шынымен, ауа райы қолайлы болып, диқандардың жұмысына біраз қарқын қосты. Нәтижесінде, бүгінде өңіріміздегі 1,7 млн га алқапқа дақылдар себілген. Бұл жоспардың 44 пайызын құрайды.

Қуандық Шакубаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Дәнді дақылдарды егу шаруасы 37 пайызға тәмамдалды. Яғни, 1 млн га жерге дән сіңірілді. Майлы дақылдарға тоқталар болсақ, мұндағы жұмыстың 55 пайызы орындалды. Жалпы, егістік науқанына 540 мың тонна тұқым қарастырылған. Олардың 35 мыңын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биыл сатып алды. Техникалық паркті жаңарту ісінің жүргізілуі де көңіл көншітеді. Аграрийлер бұл мақсатқа 12 жарым млрд теңге жұмсаған. Осылайша бүгінде диқандардың қолданысында су жаңа 776 бірлік трактор, тұқым себу кешені, комбайн мен астық жинайтын кешен бар.

Аграрийлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жыл сайын артуда. Мәселен, биыл жергілікті бюджеттен өсімдік шаруашылығына 13,4 млрд теңге бағытталыпты.

Қуандық Шакубаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Минералдық тыңайтқыштарды субсидиялауға 5,4 млрд теңге қарастырылды. Тағы 6,5 млрд гербицидтердің бағасын төмендетуге бөлінсе, 1,4-і тұқым шаруашылығын қолдауға арналып отыр.

Айта кету қажет, биыл 15 мың га алқапқа жаңа дақыл егілетін болады. Сояны өсіруге, әсіресе Тайынша ауданының аграрийлері тартылған. Диқандар шаруаның 15 пайызын еңсеріпті. Келесі жылы аталған дақылға бөлінетін танаптың аумағы 10 есеге артпақ.

Эльмира Сәдуақасова

Бұдан әрі оқыңыз

Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні аталып өтілді