Құқық қорғау органдары

СҚО ПД жанындағы консультативтік-кеңесші органның жиналысы

Бүгін облыстық ПД жанындағы консультативтік-кеңесші органның жиналысы өтті. Шарада кадрларды оңтайландыру, жазасын өтеп шыққандарды бақылау жұмыстары айтылды. Тағы, ведомстводағы біріктіру, мектеп түлектерінің салалық оқу орындарына түсу жайы да сөз болды.

Жиын полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевқа консультативтік-кеңесші органның куәлігін тапсырудан басталды. Кейін, кезек күн тәртібіндегі мәселелерге келді. Мұнда 3 спикер сөз алып, баяндама оқыды.

Жасұлан Ахметов, СҚО ПД жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрағасы:

– Бұл отырыста қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен учаскелік полиция қызметкерлері арасындағы жұмыс жайын талқылаймыз. Яғни, мамандардың шартты түрде сотталған жандармен қалай және қаншалықты сапалы жұмыс істеп жатқандығын әңгімелейміз. Тағы, бүгінгі жиын барысында қанша құқық қорғаушы қысқартылғаны туралы баяндалды.

Қысқарту – қызметтен қуылу емес. Ол полиция департаментінде жүргізілген оңтайландыру. Яғни, белгілі бір басқармадан келесісіне маман ауыстыру және бос тұрған жұмыс орындарын жою. Биыл мұндай өзгеріске 281 адам ұшырапты. Тағы, ведомоствода біріктірілу шаралары да жүргізілген.

Руслан Тасимов, СҚО ПД кадр жұмысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Штаб басқармасына жедел басқарма, тергеу басқармасына анықтау басқармасы қосылды. Криминалдық полдиция басқармасына ұйымдасқан қылмыстық қарсы күрес басқармалары қосылды. Штаттық жеке құрам 10 пайызға қысқарды.

Өңірімізде офицерлердің қатары артқан. Үстіміздегі жылы 225 сержант лейтенант шенін тағынған екен. Жиында теріскейлік жас түлектердің оқуға түсуі де сөз болды. Биыл мектеп тәмамдайтын 70 ұл-қыз әскери мамандықтың қыр-сырын үйрететін білім ошақтарына қабылдануға ниет танытыпты. Бірақ, олардың 40-ы медициналық сараптамадан өте алмады. Осылайша қалған 30-ы ғана Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына жолдама алған. Бұдан бөлек, кездесуде облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Айдын Байматов та баяндама оқыды.

Айдын Байматов – СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

– Біз пробация қызметінің мамандарымен бірігіп, есепте тұрған жандар арасында 2400 тексеріс жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде 85 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Биыл жазасын өтеу мекемелерінен 145 адам бостандыққа шықты. Енді, соларға бақылау жасаймыз.

Жиын барысында өзге де маңызды сұрақтар талқыланды.

Магжан Ахмадина