Қоғам

Техника дүкендері ұсынатын ақылы қосымша кепілдеме заңды ма

Арна редакциясына өз базынасымен қала тұрғыны жүгінді. Азаматшаның айтуынша, “Технодом” сауда орны оған тұрмыстық техника үшін қосымша кепілдеме сертификатын сатқан. Ол пайдаланылмаса, бұл сомаға тауар алуға болады деп сендірген. Кейін, ақшаны қайтармай қойыпты.

Тоңазытқыш, теледидар, жүйелік блок. Галина Копочева “Технодом” сауда орнының тұрақты клиенті болған. Алайда, енді мұнда аттап баспаймын дейді. Сөзінше, техника дүкені оны алдап соққан. Екі жыл бұрын Галина 130 мыңға жүйелік блок сатып алады. Өндіруші тауарға бір жыл кепілдеме береді. Ал дүкен сатушысы кепілдеме уақытын тағы бір жылға ұзартуды ұсынады. Бұл үшін нәзікжандыға “Техносервис” атты арнайы сертификат алу қажет болған. Оның құны – 15 мың теңге.

Галина Копочева – қала тұрғыны:

– Кепілдік сертификатын пайдаланбаған жағдайда олар бұл сомаға кейін тауар сатып ала аласың деді. Бұған дейін 2013-14-ші жылдары тоңазытқыш пен теледидар алғанымда олар маған ақшаны қайтарған еді.

Бірақ, бұл жолы жағдай өзгеше өрбіді. Жүйелік блок сатып алынғалы міне екі жыл өтті. Сертификат пайдаланылмады. Сондықтан, жуырда Галина дүкенге барып, 15 мыңын жұмсамақшы болады. Алайда, “Технодом” бас тартқан. Міне, Галина Копочева алған сертификаттың көшірмесі. Қызығы, мұнда ақшаның қайтарылмайтыны жазылған. Алайда, дүкен қызметкерлері егер техника істен шықса, біз оны тегін жөндейміз немесе сертификатты пайдаланбаған жағдайда оның құнына көңіліңіз қалаған тауарды ала аласыз деп сендіріпті. “Көндіріпті” деген дұрыс болар. Өңірлік тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығында мұны заңсыз пайдаға кенелу деп отыр.

Надежда Дубовая – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Тұтынушы қандай да бір тауар сатып алғанда тиісті нұсқаулық пен кепілдеме талоны болады. Егер техника істен шықса не ақаумен болса, осы талон арқылы азамат өндірушінің сервистік орталығына жүгінуі тиіс. Осында ғана тауарды алмастыруға не жөндеуге болады. Ал мұндай сертификат – қосымша ақша табудың амалы. Тұтынушылардың көбі осы құқықтарын білмейді. Ал дүкен әкімшілігі мұны өздерінің пайдалары үшін іске асырады.

Дүкен тұтынушылар құқығын бұзып отыр. Мұны заңгерлер де алға тартуда. Себебі, заң бойынша бір тауарға тек бір ғана кепілдеме уақыты берілуі тиіс.

Павел Афанасьев, заңгер:

– Қолданыстағы заңға сәйкес кепілдеме уақытын өндіруші зауыт белгілейді. Оны қосымша ақша төлеп, ұзартуға болмайды. Яғни, дүкен сатып алушыларын алдап отыр. Шын мәнісінде, бұл қосымша кепілдеме емес.

“Техносервис” сертификатын сатып алған азаматтарға “Технодом” қандай шарттар ұсынады? Мұны білу үшін, яғни мәселенің басын ашу мақсатымен сауда орнына хат та жадық, хабарластық та. Бірақ, жауап ала алмадық. Дүкенге қатысты мұндай шағыммен облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығына Галина Копочевадан бөлек тағы 2 адам шағымданған. Жерлестеріміз сотқа жүгініпті.

Саят Ермек