МТРА жаңалықтары

Жол жөндеу мәселесі облыс әкімдігінің отырысында қаралды

Жол жөндеу мәселесі бүгін облыс әкімдігінің кезекті отырысында қаралды. Биыл бұл мақсатқа шамамен 38 млрд теңге жұмсалмақ. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жөнделген жолдың сапасын ұдайы бақылауда ұстауды әрі мердігерлер беретін кепілдік мерзімін ұзартуды тапсырды. Жиында жазғы сауықтандыру лагерлерінің алдағы маусымға әзірлігі де бағамдалды.

Жол жөндеуге бөлінетін қаржы көлемі жыл санап артып келеді. Биыл 38 млрд теңгеге жетті. Сәйкесінше, атқарылуы тиіс шаруа да ауқымды. Мәселен, 2019 жылы өңір аумағы арқылы өтетін республикалық трассаларды қалыпқа келтіру, жөндеу және күту үшін 18,2 млрд теңге жұмсалуда.

Болатбек Айтбаев – “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– 12,3 млрд теңгеге қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі, 1,6 млрд теңгеге – күрделі, 3 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу жүргіземіз. 1,7 млрд теңге трассаларды күтуге жұмсалады. Ресеймен шекарада жатқан “Жаңа жол” мен “Қарақоға” бақылау-өткізу бекеттеріндегі жолдар жыл соңына дейін қалыпқа келтірілмек. Алдағы бірер жылда бұл шаруа “Қызылжар” мен “Бидайық” бекеттерінде де тындырылады. Соңғы екеуі бойынша құжаттар әзірленіп жатыр. Бекеттегі жолдар кеңейтіліп, өткізу орындарының саны көбейеді.

Міне, 1,5 жыл болды Петропавл – Қорған трассасының Ресейге дейінгі 60 шақырымы қалыпқа келтіріліп жатыр. Бүгінге дейін 9,7 млрд теңге игерілген. Трассада асфальт жабындысының 3 бірдей қабаты төселуде. Жыл аяқталғанша Петропавл мен Мамлютка қалаларын жалғайтын 30 шақырымдық учаске әзір болады. Ал шаруа толығымен 20-шы жылдың соңында тәмамдалады. “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 25-ші жылға дейін Петропавл-Жезқазған трассасын да қалыпқа келтіру межеленіп отыр.

Ал облыстық маңызы бар жолдардың жағдайы қандай? Олардың 39 проценті жөндеуді қажет етеді екен. 19,2 млрд теңгеге биыл бірқатар учаскелер жөндеу көрмек. Яғни, ақша бөлінуде, жұмыс көлемі артуда. Алайда, көрсеткіштерге жетеміз деп сапа назарсыз қалып қоймасын деді аймақ басшысы. Жолдарға асфальт төсеуге немқұрайлықпен қарайтын компаниялар баршылық. Өңір жетекшісінің сөзінше, жөндеу жүргізгеннен соң мердігерге жүктелетін кепілдеме уақытын 2 жылдан 3-ке, тіпті 5 жылға дейін ұзарту қажет. Сонда ғана орындаушы тараптың жауапкершілігі артады. Жолдарды ауыр жүк тасушы көліктер де құртады. Олар қиыршық тас не өзге де материалдарды артығымен тиеп жолға шығады екен. Осыдан асфальт бұзылмағанда қайтсін?!

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шарушылығы кәсіпорындарының басшыларына айтар өтінішім бар. Ауыр жүк тасушы көліктерді сатып алмаңыздар! Олар жол жабындысын бұзады. Осының салдарынан, ертең өздеріңіз де, елді мекендердің тұрғындары зардап шегеді. Аудан әкімдері жергілікті полиция бөлімдерімен бірлесе жұмыс жасап, осындай заңбұзушылықтарды тіркеңіздер. Көлікке нормадан артық жүк артқан жүргізушілерге шара қолдану керек.

Негізі, бұл – өңірлік көліктік бақылау инспекциясының міндеті. Ведомствоның жұмысына Тимирязев ауданының атқамінері Нұрлан Кеңесов тарапынан шағым бар. Жол жабындысын бұзатын жүк көліктері мұнда жиі тоқтатылады, алайда инспекция ауданға бірде-бір рет бармаған. Себебі, техника жетіспейді. Инпекция қарамағында тек екі арнайы көлік бар. Тимирязев әкімі онлайн байланыс арқылы бұйымтайын да жеткізді.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Өткен жылы аудан арқылы өтетін облыстық маңызы бар жолдардың 20 шақырымы жөнделген еді. Биыл біршама олқылықтарды байқадық. Барлық ақпарат пен құжаттарды жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасына жібердік. Жұмысты тезірек атқарса деген сұрауым бар. Әйтпесе, кепілдік уақыты өтіп кетеді.

Отырыста қаралған тағы бір мәселе – өңірдегі балалар лагерьлерінің жағдайы. Тынығатын орындардың саны өңір бойынша – 14. Жазғы маусымда бұларда 10 мыңға жуық теріскейлік жеткіншек демалмақ. Жолдама құны 15 пен 30 мың теңгенің аралығында. Айта кеткен жөн, сауықтандыру лагерлерін жеке кәсіпкерлерге сенімді басқаруға беру қолға алынған бүгінде. Осының арқасында бірқатар мекендердің жағдайы жақсарған. Сауықтандыру лагері – бұл тек тынығатын ғана емес, қосымша білім беру орнына да айналуы тиіс. Сондықтан, оқушылар үшін түрлі танымдық шаралар ұйымдастырып, өңір тарихымен таныстыруға жіті көңіл бөлу қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл балаларын зерттеу жұмысына көбірек тарту керек. Ауылдың, облыстың тарихы арқылы бүкіл елдің тарихын білетіндей жұмыстар атқарылуы керек қой! Ол – патриотизмді нығайту мақсатында жүргізілетін жұмыс. Біздің облысымызда көп баратын жерлер бар. Ботайымыз бар, Шалқар мен Имантау және басқа да көлдеріміз бар. Әбір ауданда жақсы жерлер бар. Облыста көбірек осындай экспедициялар жүргізілсін биыл! Қажетті қаражатты бөліп, қараңдар!

Демалыс орындары балақайларды маусымның 5-інен бастап қабылдай бастайды. Мұнда жеткіншектер тәулігіне 5 мәрте тамақтанатын болады. Бұдан өзге, аз қамтылған отбасылардан шыққан 3 мыңға жуық бала биыл тегін тынықпақ. Аймақ басшысы оқушылардың қауіпсіздігіне жіті назар аудару қажеттігін қадап айтты.

Саят Ермек