Қоғам

Петропавлдық шебер сауыт жасады

Он саусағынан бал тамған шебер. НЗМ-нің еңбек пәні мұғалімі қазақ батырының сауыттарын жасады. Туындының салмағы 10 келіні құрайды. Оны әзірлеуге 10 жыл тер төккен. Сондай-ақ, өнертапқыштың топтамасында темірден дайындалған өзге дүниелер де бар.

Ағаш талшықты плита, мельхиор сымы мен темір. Қазақ батырларының сауытын Химия-биология бағытындағы НЗМ еңбек пәнінің мұғалімі Ерғали Сәткенов дәл осы айтылған заттардан жасапты. Әзірленген дүние өте мықты. Оны киген жауынгерге қылыш жүзі батпайды, садақтың жебесі өтпейді. Мұны шебер сынап көрген екен.

Ерғали Сәткенов – Химия-биология бағытындағы НЗМ еңбек пәні мұғалімі:

– Бұл сауыттарды қолжетімді материалдар, яғни 1 мм-лік металдан жасадық. Осы құрылғылар арқылы формасына келтіріп кесеміз.

–  Содан кейін осы кондукторға бірнешеуін жинап тесеміз. Одан кейін жинауға жеңіл болады.

– Добылғыларды алатын болсақ олардың қалыңдығы 1,5 мм. Өйткені, басты қорғау өте маңызды.

Негізі, Ерғали Сәткенов қазақ батырларының сауыт-саймандарын жасауды бала кезінде армандапты. Бірақ, қиялындағы дүниесін жоғары оқу орнын тәмамдаған соң ғана дүниеге әкеледі. Ол 1996 жылы қағаздан қорғаныс киімінің нұсқасын әзірлеп шығарады. Ал міне бүгін металдан дайындап отыр. Оған бақандай 10 жыл уақыт кеткен. Сауыттың салмағы – 10 келі.

Темірхан Хәкімов – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Менің ойымша бұл өте жақсы жасалған. Біз осы жерде 2 сағат тұрмыз. Оның ауырлығы түзу тұрғанда қиындық туғызады. Егер толық жасалса 15 келіге жуықтар еді. Және осы арқылы батырлардың қандай мықты болғанын көреміз.

Сонымен қатар, он саусағынан бал тамған азамат темірден бөлек те дүниелерден көз тартарлық туындылар жасайды. Мысалы, ол тері мен ағаштан түрлі заттар әзірлейді. Солардың арасында үзеңгі де бар.

Ерғали Сәткенов – Химия-биология бағытындағы НЗМ өнер пәні мұғалімі:

– Өзіміздің қазақтың үзеңгілері. Көбі айтады мынау кедейдікі, мынау байдікі деп. Олай емес. Мынау – қыста, екіншісі жазда тағылатын үзеңгілер. Қазақтар сәнқой болғандықтан ертеде күміс жалатып таққан. Мынау қыстыгүні аяқты тоңдырмайды әрі аттың бүйіріне зақым тимейді.

Шебердің алға қойған жоспары ауқымды. Ол болашақта сауыттардың санын арттырмақшы. Тағы, батырлар соғыста қолданған құрал-саймандар жасамақ ниетте.

Маржан Қасымбек