Спорт

Петропавлда гір көтеру спортынан ел чемпионаты өтті

Петропавлда ересектер мен жасөспірімдер арасында гір көтеруден ел чемпионаты өтті. Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиылған 120-ға жуық спортшы қатысты. Олар 7 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, мықтыны анықтады.

Ақмарал Зупар – чемпионатқа бағын сынауға келген 35 нәзікжандының бірі. Ол 24 келілік тасты 10 минут ішінде бір қолымен 164 рет серпе көтеріп, қарсыластарынан басым түсті.

Ақмарал Зупар – чемпионатқа қатысушы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Жарыс ойдағыдай өтуде. Бұл чемпионатқа жарты жыл бойы дайындалдым.

Кезек жігіттерге де келіп жетті. Тартысты додада гір спорты десе ішкен асын жерге қояр 100-ге жуық ер азамат жиналды. Облыс намысын арқалағандардың бірі – Амандық Серікбол. 63 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін спорт шебері 32 келі тасты екі қолымен 54 рет жұлқи көтеріп, топ жарды.

Амандық Серікбол – чемпионатқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Бүгінгі көрсеткішім жаман емес. Қарсыластарым да мықт.

Спортшылар күштерін 7 салмақ дәрежесі бойынша сынады. Ерлер – 32, нәзікжандылар 16, 24 келілік гір тастарын көтерді. Әрқайсысына 10 минуттан берілді. Осы уақыттың ішінде олар соғұрлым көп нәтиже көрсетулері керек.

Андрей Глывяк – СҚО бойынша гір көтеру спортынан бас жаттықтырушы:

– Бүгінгі жарысқа 10 облыстан 120-ға жуық гір көтеруші қатысуда. Осындай дода спортшыларға халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді. Бүгінгі бәсекенің қорытындысы бойынша жаңа команда құрамыз. Сол құрамамен қазан айында Сербияда өтетін әлем чемпионатына дайындаламыз.

Екі күнге созылған жарыста спортшылардың жекелей және командалық жетістіктері есепке алынды. Сөйтіп, 1-ші орынды қостанайлықтар еншіледі. , Күміс алқа жерлестерімізге бұйырды. Ал үздік үштікке Шығыс Қазақстан облысының спортшылары ілікті.

Дана Ешкенова