Қоғам

Қайырымдылық жасау – қадірлі іс

Қайырымдылық жасау – қадірлі іс. Болат Өтемұратовтың қоры су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдем беруде. Ұйым есебінен отбасы мүшелерінің әрқайсысына 30 мың теңгеден беріледі. Біздің өңірде көмекке мұқтаж 99 жанұяға 8 жарым миллион теңге тарту етілген.

Болат Өтемұратовтың қоры өз жұмысын былтыр бастаған. Ұйым бағыттарының бірі – су тасқыны кезінде зардап шеккендерге жәрдем беру.

Мақсат Әлдешев, «ҚР Ұлттық Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ қаржы жөнінідегі директоры:

– Қор есебінен қаржылай қолдау көмекке мұқтаж отбасындағы әр адамға 30 мың теңгеден қарастырылған. Ақша арнайы банк карточкасына лақтырылады. Мәселен, жанұяның 3 мүшесі болса, онда 90 мың теңге беріледі. Бұл карточкаларды терминалдар бар жерде қолдануға болады.

Карточкадағы қаражатты азық-түлік, құрылыс материалдары мен тұрмыстық техника сатып алуға жұмсауға болады. Ескере кететін жайт, қаржыны қолма-қол шешіп алуға тыйым салынған. Яғни, төлем жаңағы аталған мақсаттарға ғана әрі терминал арқылы жасалуы қажет. Берілген соманы 1 ай 10 күн ішінде жұмсау керек екен.
Заречный кентінде тұратын Күлдарайым Құсайынованың баспанасына осы көктемде су кірген. Салдарынан үйіне зақым келіп, бүкіл жиһаздары бүлініп қалған.

Күлдарайым Құсайынова: 

– Бүгінгі күні «Қызыл жарты ай » қоғамы өз көмегін көрсетіп жатыр. Отбасымызда 6 адам бар, 180 мың теңге табысталып отыр. Бұл қаражатты енді үйдің жөндеу жұмыстарына жасаймыз. Осы кісілерге үлкен рахмет.

Ал қала тұрғыны Вера Астанинаның үйін өрт шалған. Сәуір айының соңында оның баспанасынан от шығып, үйдің сау тамтығын қалдырмапты.

Вера Астанина:

– Бүгін бізге 120 мың теңге беріп отыр. Баспанамыздың шатыры, едені мен қабырғалары жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Берілген қаржы шығынның барлығын өтемесі анық, бірақ әжептәуір көмек.

Жалпы, «Қызыл Жарты Ай» қоғамы мен Болат Өтемұратовтың қоры биыл теріскейде 300-ге жуық адамға 8,5 млн теңгенің көмегін көрсеткен.

Актолкын Солтанханкызы