Қоғам

Теріскейде бір топ орнитолог жұмыс істеуде

Теріскейде бір топ орнитолог жұмыс істеуде. Жергілікті және шетелдік мамандардың назарын қоңыр қаз бен қызылжемсаулы қарашақаздар аудартқан. Қанаттылардың популяциясы жыл санап азайып барады. Сондықтан, ғалымдар құстарды қорғауға бағытталған жобаларды қолға алыпты.

Айдалада құстарды суретке түсіріп жүрген жандарды теріскейде жиі кезіктіре бермейсің. Әдетте, фотографтарды аққайыңдар өлкесінің сұлу табиғаты тамсандырады. Бірақ, бұл жолы фотоаппарат объективінде – құстар ғана. Аспан бұлтты, ауа райы жаңбырлы. Яғни, қанаттылардың ұшу биіктігі едәуір төмендейді. Бұл – оларды суретке жақынырақ түсіріп алудың таптырмас мүмкіндігі. Шетелдік орнитологтар аққайыңдар өлкесіне мамырдың 9-ы келіпті. Мамандарды қызылжемсаулы қарашақаз қызықтырады екен. Бұл құс үшін шекара деген түсінік жоқ. Мекен таңдау ісіне олар тиянақты қарайды. Аймақтың климаты мен табиғатына назар аударады. Сондықтан болар, 12 айдың ішінде қанаттылар 5 мемлекетті шарлап шығады. Соның ішінде Қазақстанға екі мәрте тоқтайды.

Николай Петков – қызылжемсаулы қарашақазды қорғау бойынша халықаралық жұмыс тобының үйлестірушісі, София қаласы, Болгария:

–  Қазіргі таңда климаттың ауысуы жүріп жатыр. Бұның барлығы құстардың миграциясына әсер етеді. Сондықтан, біз жұмыс топтарын құрып, қанаттылардың қай жерді қыстайтынын, қай елді / мекендейтінін қарайтын боламыз. Сондай-ақ, популяциясын есептеу мүмкіндігі туындайды. Егер олардың саны кеміп бара жатса, әлемдік деңгейде белгілі бір квота ұйымдастыра аламыз. 2017 жылы қызылжемсаулы қарашақаздың ұшу жолына қатысы бар елдермен бірігіп осы жобаны қолға алдық.

Қызылжемсаулы қарашақаздар өткен ғасырдың ортасына дейін Каспий теңізінің батыс жағалауын қыстаған. Кейін бұл өңірде бидайдың орнына мақта егіле бастапты. Сондықтан, құстар өздерінің мекендерін Болгария жеріне ауыстыруға мәжбүр болған. Алыс жолда қанаттылардың популяциясы күрт азайған көрінеді. Қазір әлем бойынша қарашақаздардың саны шамамен 50 мыңға жуықтайды. Сол себепті, дүниежүзілік табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген. Бүгінде қанаттылардың өмірі үшін Қазақстан, Болгария, Румыния, Украина мен Ресей елдерінің орнитолог мамандары күресіп келеді. 5 жылдық жобаның құны 2 млн еуроны құрайды екен.

Николай Петков – қызылжемсаулы қарашақазды қорғау бойынша халықаралық жұмыс тобының координаторы, София қаласы, Болгария:

–  Бұл – қызылжемсаулы қарашақазға тағылатын датчиктердің бір түрі. Құрылғы жеп-жеңіл. Құстың салмағының шамамен 10 пайызын құрайды. Сондықтан, қанаттылардың ұшуына еш кедергі келтірмейді. Датчиктерді тек аталықтарға тағамыз. Құрылғы күн сәулесінен қуат алатындықтан, бірнеше жыл бойы жұмыс істей алады. Оларды 8 қарашақазға орнаттық. Бұндай датчиктердің бір-біреуі 2-3 мың еуро тұрады. Құрылғылардың 10 данасын әкелдік.

Қалғандарына басқаша таңба салынады. Қарапайым тілмен айтқанда, бюджеттік түрі. Сақиналар қанаттылардың аяғына тағылады. Әріптермен белгіленген құстарды өзге мемлекеттің орнитологтары кезіктірсе, осыған дейін Қазақстанда болғандарын ұғады екен. Таңбалау – қиын шаруа емес. Бірақ, ол үшін қаздарды ең алдымен қолға түсіру қажет. Күн сайын таңғы сағат 4-тен кешкі 9-ға дейін мамандардың бірі жасырын жерге барады. Дайындығы снайперден кем емес, тығылған орнын аспанда ұшып жүрген құстар да байқай алмайды. Бірақ, тұзақ орнатылған аймаққа бізді жіберген жоқ. Себебі, қанаттылар аса сақ болғандықтан, орнитологтың еңбегі зая кетуі мүмкін. Соңғы уақытта ғалымдар тарапынан ерекше қызығушылық қоңыр қаздарға да танытылуда.

Иван Зубань – Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы СҚО филиалының төрағасы:

– Қоңыр қаз біздің аймақта жиі кездесетін құстардың бір түрі. Бірақ, соңғы уақытта оның популяциясы азайып барады. Сондықтан, алғаш рет дәл осы қанаттыларды таңбалауды қолға алдық. Жоба 3 жылға шақталған. Құны – 24 млн теңге. Біз олардың миграциясымен, әзірге таныс емеспіз. Болжам бойынша қоңыр қаздар Қытай жерінде қыстайды. Сондықтан, аспан асты елінен әріптестеріміз бізге 10 спутниктік датчик берді. Әзірге, олардың 8-ін аталықтарға орнаттық. Құстар қазір теріскей өңірінде ұшып жүр. Күзге қарай олардың бағытын анықтайтын боламыз.

Қоңыр қаздарды да қолға түсіру үшін біраз әбігерге салыну қажет. Алғашқы уақытта құстар тұзаққа түспепті. Кейін мамандар қақпанның қасына үй қаздарын әкеліп, маңайға бидай шашқан. Жалпы, осыған дейін ешбір жерде ғалымдар құстарды ұшу кездерінде ұстамапты. Мұндай тәжірибе теріскей жерінде алғаш рет қолданылып отыр.

Эльмира Садвокасова