Қоғам

Түрмедегі тіршілік

Сәуір айында ЕС-164/6 түзету мекемесінің аумағында ара ұясын жасауға арналған цех ашылған болатын. Осы уақытқа дейін жазасын өтеушілер 40-қа жуық жәшік әзірлеген. Жарғаққанаттылардың үйшіктері жаңа технологиямен дайындалуда.

Мына жерде бал арасының ұялары тұратын жәшіктер жасалып жатыр. Оларды жазасын өтеушілер ағаштан әзірлеуде. Олар сәуір айынан бастап осындай дүниелердің 40-қа жуығын жасаған.

Евгений Исаев – жазасын өтеуші:

– Осыған дейін мұндай шаруамен айналысқан жоқпын. Енді, міне ағашпен жұмыс жасауды үйрендім. Ара ұясын әзірлеу үшін материал жеткілікті. Бір текше метр ағаштан 9-10 жәшік дайындауға болады.

Қазіргі таңда жәшіктерді 3 жазасын өтеуші жасайды. Олар, әзірге тапсырысты толыққанды орындап жатыр екен. Ал егер де тауарға сұраныс артатын болса, тиісінше жұмысшылардың саны көбеймек. Әзірленген дүние үшін сотталғандар лайықты жалақы алады. Мысалы, 1 ара ұясын дайындаған үшін 3 мың теңге төленеді.
Айта кету қажет, үйшіктер араларды емдеуде қолданылатын антибиотикті сіңірмейтіндей етіп жасалған.

Олег Гаврилов – “Пасека-Қызылжар” ЖШС директоры:

– Қажет уақытта араларды антибиотикпен емдеу кезінде үйшік саңылаусыз болғандықтан, дәрі қабырғаларына сіңіп қалатын. Ал ол балға түсуі мүмкін. Қазір енді бұған жол берілмейді. Өйткені, жәшіктер кең етіп жасалған. Енді біз табиғи таза өнімді биылдан бастап Қытай, Үндістан және Жапонияға экспорттауды жоспарлаудамыз.

Айта кетейік, бүгінде ЕС-164/6 мекемесiнің аумағында пластикалық терезелер, темір қоршаулар шығаратын өндіріс цехтары және жылыжай бар. Оларда 140 жазасын өтеуші жұмыс істейді. Ал мұндағы сотталғандардың жалпы саны 250-ге жуық.

Дана Ешкенова