МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-ға Қытайдың Шэньси провинциясынын меймандар келді

Кеше Солтүстік Қазақстан облысына іс сапармен Қытай Халық Республикасынан меймандар келді. Шэньси провинциясының делегациясы өңірде жұмыс жасап жатқан қытайлық компаниялардың, яғни инвесторлардың жағдайымен танысты. Қонақтар бірқатар кәсіпорындарды аралады, кейін Бурабай төрінде өңір басшылығымен келіссөздер жүргізді. Қос тарап тығыз әріптестік орнатпақ ниетте.

Қытайлық делегация басында – Шэньси провинциясы губернаторының оң қолы Вэй Цзенцзюнь. Қонақтарды аймақ басшысының орынбасары Дәурен Жандарбек және қытайлық “Айцзюй” корпорациясының президенті Цзя Хэи қарсы алуда. Бұл – оның қарамағындағы “Мемлоюкс” серіктестігі. Мұнда жергілікті аграрийлерден астық сатып алынып, темір жол арқылы тікелей Қытайға экспортталады. 2016 жылдан бері 70 мың тонна теріскейлік алтын дән осы жерден Аспан асты еліне жөнелтілген.

Ал бұл – “Айцзюй” корпорациясының Қазақстандағы ең жемісті жобасы. 6,1 млрд теңге инвестиция, 92 жұмыс орны – делегация “Тайынша-май” зауытына да бас сұқты. Бұл екі ел бірлесе қолға алған 55 жобаның бірі. Рапс, зығыр, күнбағыс майлары өндіріледі мұнда. Шикізат – жергілікті. Меймандар өнімдердің сапасын да байқап көрді.

Өндірістік қуат – жылына 300 мың тонна. Қазір мұнда тәулігіне 1200 тонна рапс майы өндіріледі. Биыл кәсіпорын дақылдардың тек осы түрін ғана өңдеуде. Десе де, зауыттың даму қарқыны қуантады дейді қытайлық Шэньси провинциясының басшылығы.

Вэй Цзенцзюнь – Шэньси провинциясының халық үкіметі губернаторының орынбасары:

– Біз Қазақстанға мамырдың 17-сі өтетін Астана экономикалық форумына келген едік. Жол-жөнекей сіздердің өңірлеріңізге соғуды шештік. Мұндағы мақсат – Солтүстік Қазақстанда жұмыс жасап жатқан қытайлық компаниялардың, яғни инвесторлардың жағдайымен танысу. Екі ел арасындағы қарым-қатынас жыл санап жақсарып келеді. “Тайынша-май” зауытының бүгінгі тынысын көріп, көңіліміз толып отыр. Сондықтан, өзге де компанияларды осы өңірге келуге үгіттейтін боламыз, өз тарапымыздан барлық жағдайларды жасаймыз.

Меймандар Бурабайдың таң қалдыралық табиғатын да тамашалады. Олар Абылай хан үш жүздің басын қосқан алаңда да болды. Осылайша, бай тарихымыздың маңызды бір бөлігімен танысты.

Мұндағы еңселі таулар, қарағай ағаштары мен таза ауа қытайлықтарды бейжай қалдырмады.

Тан Юйган – Шэньси провинциясы Коммерция департаменті директорының орынбасары:

– Бұл жердің табиғаты адамның көңіл-күйін бірден көтеріп жібереді екен. Тамаша мекен! Абылай хан осы жерде қазақ ұлтының басын қосып, біріктіріпті. Қазақстан мен Қытай да осылай ынтымақта, бірлесе қыруар шаруа атқарады деген сенімдемін.

Экологиялық таза, сапалы – бізде шығарылатын тауарлар шетелдік нарықта осындай жоғары бағаға ие болып жатады. Қытайлықтар да бұған көз жеткізе алды. Олар үшін теріскейлік өнімдердің көрмесі жайылды. Енді іске кірісіп, диалог құратын шақ. Үстел басында қос тарап екі жақтық әріптестік перспективаларын талқылауда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, ел қамбаларына құйылатын дәнді дақылдардың төрттен бірін Солтүстік Қазақстан өсіреді. Майлы дақылдар бойынша да көш басындамыз. Тағы жылына 555 мың тонна сүт пен 56 мың тонна ет өндіреміз. Бұл шикізатты өңдейтін кәсіпорындар керек бізге.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Биылғы жылы біз 20 мың гектар алқапқа соя екпекшіміз. Осы дақыл түрін келесі жылы 150 мың гектар жерде өсіру жоспарда бар. Сіздердің бұл өнімге деген қызығушылықтарыңыздың жоғары екендігін білеміз. Өздеріңіз түсінгендей, бізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлкен қоры бар. Мәселен, біз бүгінде қамбаларымыздағы дәнді дақылдардың тек 20 процентін терең өңдейміз. Қалғанын шикізат түрінде экспорттаймыз. Яғни, әлеует жоғары, біз секілді ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушы өңірге қорықпай инвестиция құюға болады. Қолдан келгенше көмектесеміз.

Бұл қандай көмек? Біріншіден, шетелдік инвесторлар салықтық және кедендік алымдардан босатылады, екіншіден мемлекет оларға субсидия береді. Қысқасы, қаржы құй да, жұмыс жасай бер. Жасалып жатқан мұндай жағдайлар қытайлық меймандардың көңілінен шықты.

Вэй Цзенцзюнь – Шэньси провинциясының халық үкіметі губернаторының орынбасары, ҚХР :

– Сіздердегі инвестициялық климат керемет екен. Азық-түліктік өнімдеріңіздің сапасы да жоғары. Біз үшін осы екі фактор маңызды болып табылады. Шэньси провинциясының жалпы ішкі өнімі өткен жылы 24 триллион юаньды құрады. Өсім – 8,3 процент. Импорт пен экспорт айналымы да артып, 350 млрд юаньға жетті. Сіздермен әріптестік орнату арқылы бұл көрсеткіштерді арттыру әлеуеті жоғары. Салықтық төлемдерден босатататындықтарыңыз бізді таң қалдырды. Шарттарды провинцияның ірі компанияларына жеткіземіз.

Шэньси – Аспан асты елінің ең ірі провинцияларының бірі. Ол алпауыт мемлекеттің орталығында орналасқан. 38 млн халқы бар мұнда өнеркәсіп жақсы дамыған. Ауыл шаруашылығы да алға басып келеді. Жылына провинцияда 2,4 млн тонна астық шығарылады. Тағы бір маңызды бағыт – алма өсіру. Қызығы, әлемдегі 7 алманың біреуі – Шэньси жемісі екен. Қытайдың аталған әкімшілік аумағы батыспен сауда-саттық жасауды жолға қойып отыр. Бүгінде Қазақстанмен де қоян-қолтық жұмыс жасауда. Бірлесе жүзеге асқан да, жүзеге асырылатын да жобалар баршылық. Жуырда “KAZMEAL” серіктестігі теріскейде құрама жем өндіретін зауытты іске қосады. Мұнда шығарылатын нәрлі мал азығының 100 пайызы Қытай Халық Республикасына экспортталмақ. Сынама ретінде алғашқы 1000 тонна жөнелтілді. Қытайлықтар ауыл шаруашылығынан өзге де салаларда қоян-қолтық жұмыс жасауды ұсынды. Мәселен, білім беру. Шэньси провинциясында 108 ЖОО бар екен. Жыл сайын бұл университеттерге 600-ге қазақстандық жас білім қуып келеді. Осы орайда студенттермен алмасу әрі тәжірибе алысу шаруасын жолға қою керек деп санайды меймандар. Әріптестіктің тағы бір перспективалық бағыты – туризм.

Арман Оразғұлов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Өңірдегі туристер үшін тартымды мекендердің бірі – Шалқар-Имантау курорттық аймағы. Бұл жер туристік әлеуеті жоғары қазақстандық мекендердің ондығына кірді. Мұндағы көлдердің суы таза, емдік қасиеті мол. Сол себепті, осы жерде бірнеше жобаны жүзеге асыруға болады. Көлдердің жағалауларында бос жер телімдері бар. Қаржы құйып, демалыс орындарын салуға болады.

Бастама бар, енді келіссөздерді үзбеу қажет. Отырыс барысында құрылған конструктивті диалогты жалғастыру үшін Аспан асты елінен келген меймандар өңір басшылығын Шэньси провинциясына қонаққа шақырды. Жиын соңында қос тарап бір-біріне естелік сыйлықтар табыс етті.

Саят Ермек